Теріс ағымның қармағына ілінбейік

Өркениет көші ілгері жыл-жыған сайын жалпыадамзаттық, мәдени, діни құндылықтарға кереғар факторлардың да қарасы қалыңдай түсетінін уақыт дәлелдеді. ХХІ ғасырдағы мемлекет басшылары, саясаткерлер мен дін қайраткерлері деңгейіндегі үлкен жиындарда, самиттерде, конференцияларда ең көп талқыланатын тақырыптардың бірі – діни экстремизм.
Теріс ағымның қармағына ілінбейік

Ести-ести құлағымыз үйреніп алған осы экстремизмнің қандай түрі болмасын қоғамда қалыптасқан нормалар мен ережелерді түбегейлі өзгеріске енгізетін не түбегейлі жоққа шығаратын шектен шыққан көзқарастар мен іс-әрекеттер ретінде сипатталады. Бүгінгі таңда қоғамға ең үлкен қауіп төндіретін экстремизмнің түрі – діни экстермизм. Оның негізгі белгісі – мемлекеттің егемендігі мен аумақтық тұтастығын бұзу, мемлекеттік жүйені күш-теп өзгерту және билікті басып алу, тіпті діни ілімдер мен рәміздерді бұрмалау арқылы адамдары өздеріне тартып, ымырасыз күреске жұмылдыру үшін маңызды фактор ретінде пайдалану.

Діни экстремизм бұл кез келген діннің атын жамылып, діни мәтіндерді бұрмалап түсіндіру арқылы жеке адамның немесе бүкіл қоғамның мүдделеріне зиян келтіріп, қоғам арасында теріс принциптер мен көзқарастарды дамытып, демократиялық және азаматтық қоғам институттарының қалыптасуы мен даму үрдісіне кедергі болатын кереғар жүйелермен қамтылған. Бұл саладағы сарапшылар мен мамандардың бірнеше жылдық жұмыс тәжірибелеріне сүйене отырып экстермизмнің негізгі себептері ретінде идеологиялық, әлеуметтік, экономикалық, саяси факторларды да жатқызуға болатындығы дәлелденді.

Жасыратыны жоқ, экстремистік ұйымдардың басшылары халықты, әсіресе, жастарды діни-саяси экстремистік ұйымдардың деструктивті әрекеттеріне тартуға мүдделі. Осыған байланысты, мемлекет пен қоғамның одан әрі үдемелі дамуын қамтамасыз ету мақсатында барлық мемлекеттер үшін, атап айтқанда, Қазақстан үшін өзекті мәселе жастар арасында діни және саяси экстремистік ұйымдардың үгіт-насихатының әсеріне күшті иммунитетті қалыптастыру, өскелең ұрпақтың рухани-адамгершілік жағынан өзін-өзі тануын және жастардың бойында отансүйгіштік сезімін қалыптастыру болып табылады.

Діни экстремизм көріністері мен терроризм қаупінің алдын алу дегеніміздің өзі азаматтардың, қоғамның және жалпы мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету деген сөз. Діни экстремизм мен терроризмге қарсы тұру мақсатында ақпараттық түсіндіру тобы қоғамда жалған идеологиялар мен діни ағымдар идеяларын, экстремизм мен терроризмге үгіттеушілердің  негізгі сипаттамалары, теріс ағымдардың қауіптілігі мен осы ағымды ұстанушылардың қайғылы жағдайларын айтып, тұрақты түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

Қазіргі уақытта Дін істері комитеті және өңірлік Дін істері басқармалары  тарапынан жастар арасында толерантты діни сана мен радикалды идеологияға қарсы иммунитет қалыптастыруға  бағытталған жұмыс жоспары сан түрлі бағыттарда жүзеге асуда.

Интернет желісі бүгінде жастардың ажырамас бөлігіне айналғаны белгілі. Жастардың көпшілігі дін туралы ақпаратты интернеттен алып, өздері байқамай-ақ радикалды діни ағымдардың құрбаны болып жатады. Осы бағытта діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу мақсатында мүдделі органдар тарапынан ақпараттық материалдарға, діни әдебиеттерге, интернет ресурстарға, діни мазмұндағы бейне және аудио жазбаларға тұрақты діни сараптамалар жүргізіліп, тиісті шаралар қабылдануда.

Бүгінгі таңда ҚМДБ қоғамымыздың рухани негіздерін қалпына келтіріп, еліміздегі мұсылман қауымының дамуын қамтамасыз етуге белсенді атсалысып, тұрақты түрде ғылыми конференциялар мен семинарлар ұйымдастыруда. Жасыратыны жоқ, еліміздегі жастардың басым көпшілігі мешіттерге барады, оған дәлел жұма намазында жастарға толы мешітті көруге болады. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, мешіт имамдары діндарларға өзекті тақырыптарда дәріс оқып, рухани жетекші ретінде дәстүрлі исламға сай обьективті ақпараттар беруде.

Дін істері комитеті мен ҚМДБ жастар арасында ғана діни эксртемизм мен терроризмнің алдын алу бағытында емес, жалпы халық арасында ауқымды жұмыстар атқарып келеді. Бұл жұмыстардың барлығы да тиісті деңгейде өз нәтижесін беріп, бүгінде Қазақстан діни және этномәдени көзқарастарына қарамастан, әлем елдері үшін бірлік пен келісім мекені болып танылуда.

Қазіргі таңда радикалды діни ағымдардың әлеуметтік желілердегі қаупі аса зор. Ғаламтордың жетістігін дәстүрлі емес діни ағымдар өз пайдаларына қолдануда. Экстремистік және террористік ұйымдар халыққа ақпарат арқылы әсер етуді тоқтатпай отыр. Олардың негізгі нысанасы – әлеуметтік жағдайы мен дүниеге деген көзқарасы толық қалыптаспаған топтар.

Діни сауаты таяз адамдар діни ақпаратты ғаламтордан іздегенде радикалды ұйымдардың қармағына ілінуі әбден мүмкін. Теріс пиғылды ағымдардың кейбір сайттары халықты экстремистік немесе террористік әрекеттерге тікелей шақырмайды. Олар исламға арналған ақпарттық портал ретінде жұмыс жүргізеді. Алайда, олар шын мәнінде халықтың дәстүрлі діни ұстанымдарын ыдыратып, мұсылмандар арасына жік салып, дінді іштей бөлшектеуді көздеуі мүмкін.

Мысалы, оларда парыздарды (намаз, ораза) орындамағандар кәпірге баланып, дәстүрлі ханафи мәзһабына қайшы ақпараттар беріледі. Ал, діни сауаты жеткіліксіз ізденуші мұндай сайттардағы дін тақырыбындағы барлық мәліметтер мен деректерді сол қалпында қабылдап, санасына сіңіреді.

Статистика бойынша әлеуметтік желілерді ғаламтор қолданушыларының 90%-ы қолданады. Деректерге сүйенсек, тіркелген қолданушыларының саны бойынша алғашқы ондыққа кіретіндер: Facebook (1,4 млрд.), Youtube (1 млрд), Google (500 млн-астам), Twitter (500 млн-нан астам), BKontakte (230 млн-нан астам), Одноклассники (205 млн-нан астам) және т.б.

Сондықтан, діни мәліметті, қажетті пәтуәні іздеген әрбір азамат шетелдік ғаламтор сайттарын пайдаланбай, өз еліміздегі kazislam.kz, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми сайты muftyat.kz және онымен серіктес fatua.kz, azan.kz, muslim.kz, ummet.kz және т.б. секілді еліміздегі сенімді сайттарға жүгінгені жөн.

Аман АЙТБОСЫНҰЛЫ, Текелі қаласы «Керімбек би» мешітінің бас имамы

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.