Қараеспе

Бабаларымыздан келе жатқан аңыз болғандықтан тым беріде емес, әкелерімізден естігендіктен тым арыда емес уақытта, Жетісудың жерінде, Күреңбұлақ төрінде Қараеспе деген ғажап өзен болыпты. Жасыл желек, қалың ну, аң-құс, адамның нәрі осы өзен екен. Малайсары қыратынан сарқырап аққан сан бұлақ, мың бастау қуат қосып, бұла өзен бұрқ-сарқ етіп, қойтастарды қойша домалатып, күркірей ағып жатыпты. Балғалыны белден тастып, Тарылы алқапты асып, Малайсарыны басып, Сәмен жазығына жеткенде сәл-пәл саябырлайды. Өзен басына келгендердің бәрі оны осы өлкеге тарту еткен Жаратушыға алғыс айтып, тамсанады екен. «Мен болмасам» деген ой келеді бір күні Қараеспеге. Сол тарыдай ой үлкен қара пиғылға ұласады, сол қара ағысты күшейте түседі. Құдай берген қайратына масаттанған Қараеспе: «Мына жалғанда мені тоқтатар күш жоқ!» – деп екіленіп, арнасына сыймай, жағаны салып-салып жібергенде сары топырақты жар суға гүрс-гүрс құлайды екен. Арғы бетке өтпек болған талай аң шөпшек ұқсап шыр айналып, Қараеспенің ақкөбікті азуында кетіпті. Тірі қалғаны қайта беттемепті. Өр Қараеспе ешкімге өткел бермей ала-сұрады. Бірде қасқыр қуған елік пен құралайы өзенге келіп тосылады.
Қараеспе

– О, қасиетті Қараеспе, қасқыр қуып келеді, өткел берші, – дейді қалтыраған елік.

– Өткел?! – Қараеспе, күр-кірей күлді. – Болмайды. Тәуекел ет, өтсең аман кеттің, өтпесең – жазуың сол!

Бұл кезде қасқыр да тақап қалған еді. Елік пен құралай суға қойып кетеді. Ермек табылғанына қуанған өзен оларды бірақ қақпақылдап ойнайды, биік жарға тіреп шығармай, шаршатады. Елік-ана әзер дегенде жағаға шығып, әлі құрыған құралай ақжал толқындардың ортасында қалтаңдап кете береді.

– О, қасиетті, Қараеспе, өтінемін, лағымды қайтаршы, – деп еңірейді елік.

– Ха-ха-ха! Екінің бірін жібердім, соған алғыс айт. Әр жақсылықтың қайтарымы болуы керек. Қасқырдан аман құтылғаныңның өтеуі – лағың. Мен онымен біраз ойнайын, – деп ар-қырайды Қараеспе. Бұл кезде қалтаң-қалтаң еткен лақ көрінбей кетіп еді.

– О, қасиетті Қараеспе, адамыңа жолығарсың! Сені сабаңа түсірер, – деп еңіреген елік жөніне кетеді.

«Адам!». Қараеспе ойланып қалады. Ол адамды білетін. Адам деген бұның маңынан жүруге қорқатын, балалары жолап кетсе шыбықпен қуып аулақ әкететін, бір бақыр су алса: «О, қасиетті Қараеспе, суыңды беріп шөлден өлтір-мегеніңе, балығыңды беріп аштан өлтірмегеніңе ең әуелі Құдайға, содан кейін саған рақмет!» – деп ұзақ дұға жасайтын екі аяқты мақұлық. Ол мені қалай сабама түсірсін? – деп ойлайды Қараеспе бір қойтасты орнынан қозғап жатып.

 Арада күндер, айлар өтеді. Еліктің айтқан сөзі Қараеспенің ойынан шықпай қояды. Бірде су басына қарға келеді.

– Қарға, – дейді Қараеспе. – Сен ұзақ өмір сүресің, көп білесің.

Өткенде маған елік: «Сені адам сабаңа түсіреді», – деді. Ол сонша құдіретті ме?

– Ой, бекер сөз. Менің үш жүз жыл өмірімде қанша адам келіп-кетті, жылағаннан басқа еш қасиеті жоқ бейшаралар. Сарқырап жатқан саған қалай күші жетсін, – дейді қарға қарқылдап. Қараеспе сонда да сенбеді, адамды сынап көрмекке бел буып, Ақнөсерден көмек сұрап, ағыл-тегіл жаңбыр жауады. Арнасынан асқан долы өзен адамның өрістегі бар малын ағызып әкетті. Содан кейін бұл қайтер екен? – деп ақырын күтті. Адам болса тасқын-нан аман қалған бір тоқтысын сұрап, құдайы таратты. Бұның жағасына келіп:

– О, қасиетті Қараеспе, бар малымды ағызып әкеттің, бірақ әйел-балама тимедің, рақмет саған. Кеткен мал – садақа, садақа, садақа! – деп үш қайыра айғайлап кетіп қалады. Бұны естіген Қараеспе ерегесе түсті, жыны қозды. Бір күні адам су алуға келеді-ау дегенде жағаның топырағына су бүркіп, тайғақ етіп қойды. Қауғасын алып еңкейе берген адам тайып, суға құлады да ашулы ағыс қаңбақ құрлы көрмей дөңгелетіп әкетті. Сәлден кейін бір әйел келіп жағадағы қауғаны көріп:

Осы өлкеге нәр берген,

Өмір деп ең Қараеспе,

Мейіріммен шалқыған,

Көңіл деп ең Қараеспе.

Сарқыраған қара өзен,

Сені керек көрді ме,

Қараөзеннен ажалың,

Арысым-ау келді ме? – деп зар еңіреп жылады. Одан кейін кішкентай ұлы келді, қосылып жалады. Екі мұңлық түнімен еңіреді, мөлтілдеген жастары өзенге тырс-тырс тамды. «Көз жастары ащы екен» – деп ойлады Қараеспе. Ертеңгісін бала мен әйел үйлеріне кетіп қалды. Қараеспе екі-үш апта тосты. Олар мұны ұмытқан секілді, әйел нанын пісіріп, бала қозы-лағын қайырып, тірліктерін істеп жүр. Қараеспе «Адам құдіретті ме, мен құдіреттімін бе? Қалай білемін?» деп қатты буырқанды. Табанындағы тасы көрініп жататын мөлдір суы ниетінен ластанып, қарауытты. Осы кезде шөлдеген бір лақ өзен жағасына келіп еді, оны қайырмаққа бала жүгірді. Қарасу лықсып жағадағы баланы аяғынан іліп әкетті. Құстай ұшып әйел де жетіп еді.

– Қасиетті Қараеспе, перзентімді қайтаршы?! – деп шашын жұлып зар қақты. Қараеспе арқырап ақты, сарқырап ақты, күркіреп ақты, шат-танды, мастанды. Мұны сабасына түсіруге тиіс адам зар еңіреп, жалынып отыр. Ол енді өзіне ешкімнің құдіреті жетпесіне сенімді еді. Сондықтан әйелді мазақ етіп өзі бұрын ағызып әкеткен қара қаншықтың өлексесін жағаға, жылаған сорлының алдына шығарып тастады. Келін-
шек мұны көріп шошып кетті. Шыңғырып, тұра қашты. Содан кейін қайта оралып:

 – Ұлымның өтеуі осы ма, қасиетсіз Қараеспе? –деді. –Әзәзілдей жалаңдап, малымды алдың, кешіргем, одан кейін астамсып, жарымды алдың, кешіргем, енді міне жалғыз ұл қара түнек суыңа ол да кетті, кешірмен!

Ашулы келіншек иттің өлексесін құйрығынан сүйретіп, Қараеспеге құйылып жатқан бұлақтың басына барып, қос қолымен тырналап сазды қаза бастады.

 – Қасиетті Су-ана, сені жаратты бір Алла, мені жаратты бір Алла. Қадіріңді біл деді, бірлесіп өмір сүр деді. Өзің куә, Су-ана, мен сертімді бұзбадым, көзіңді ашып көктемде, күзде де тазалап тұрғанмын. Ана жатқан өзеннің өзің аштың тынысын, бірақ оның ниеті құрсын. Малымды алып жылатты, жарымды алып жылатты, ұлымды алып жылатты. Өтеуіне өлексе беріп мазақ етті, Су-ана, адамды өстіп қорлауға бола ма? Міне, дәлелім, – деп бұлақ басынан қазылған шұңқырға қара қаншықтың өлексесін көмеді.

– О, Су-ана, тартыл, тартыл, тоқта. Жаман пиғылы асқынған, мөлдір суыңды кермек татырған балаңнан құтқар мені. Құтыл! Мұны саған мен, Жаратушының ерекше қасиетті перзенті – Адам айтып, өтініп тұрмын, – деп бұлақ көзіне бір уыс топырақ тастап әйел жөніне кете берді.

Бір күннен кейін оянған адам бұлақтардың тартылғанын көреді, екі күннен кейін Қараеспенің орнында жылға жатқанын, үш күннен кейін өзен арнасы қаңсып қалғанын көреді. Арада жылдар өткенде жыл мен аптап ыстық, шыңылтыр аязға шыдамаған қойтастар құмға айналады, малта тастар үгіледі. Жағадағы ну қурап, томар да қалмайды. Аң-құс ауып кетеді. Тек Ақнөсер ғана оқта-текте досын іздеп жасын төгеді екен, оның жасы арнамен тасқын болып ағады, бірақ нөсер тоқтағанда арна табаны суды тез сіңіріп, құлазып сала береді. Қараеспенің арнасымен әлі күнге көктемде тек сел ағады. Одан кейін қайта шаңы шығып жатады. Қараеспе әлі тұншығып, буылып тұр, табанынан екі күрек қиыршық алсақ, жылтырап су шығады. Тек содан күш алып, жер бетіне шығып, сарқырай жөнелмейді. Бұрынғы қылықтарына қысылғандай сол қиыршықтың астымен ғана жылжып, ағып жатыр.

Міне, құрметті оқушым, бабаларымыздан келе жатқан аңыз болғандықтан тым беріде емес, әкелерімізден естігендіктен тым арыда емес уақытта Жетісудың жерінде, Күреңбелдің төрінде аққан Қараеспе деген өзен жайлы аңыз осы. Өтірік десеңіз, Арқарлының асуынан асқан соң Сарыөзекке жеткенше сол жағаңызға қарап отырыңыз, астамдықтың ақыры жақсы болмасын есіңізге салғысы келгендей әр тұстан Қараеспе арнасының жұрнағы көрініп отырады.

Серік Сарыбай

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.