Ою-өрнекте мағына көп

Ұлттық қолөнердің сәні мен мәнін сипаттайтын ою әлемінің қыр-сырын ұрпақ санасына сіңірудің маңызы зор. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Текелідегі Балалар шығармашылығы орталығының көркемсурет бөлімінде «Оюлар стилизациясы» тақырыбында ашық сабақ өтті.
Ою-өрнекте мағына көп

Аталған бөлімнің оқытушысы Анар Ақылбекова топтағы он бір баланың назарын түрлі-түсті сан алуан оюларға аударып: «Қазақ халқының төл сәндік өнерінің барлық түрінде де оюлар мен өрнектер алғашқы элемент ретінде қолданылды. Ою мен өрнек қоөнер бұйымдарының эстетикалық әрі тұтынушылық мәнін аша түседі. Ою-өрнек өнерінің даму барысында әр дәуірдің өз таңбасы бар. Сонымен бірге, халқымыздың географиялық орналасуына, әдет-ғұрып, салт-дәстүрлеріне байланысты ою үлгілері дамып отырған. Оюлар құрамына қарай өсімдік тектес, космологиялық, геометриялық болып бірнеше топқа бөлінеді»,– деп таныстырып өткен соң, сабақтың тәжірибелік бөлімінде алдымен балаларға ою элементтерін салғызды, кейін дайын үлгіні пайдалана отырып, эскиз әзірлеп, оны қағаздан қиып, желімдеткізді. Ал үйде Есік қорғанынан табылған Алтын адам үстіндегі сауыттың оюларымен танысу тапсырылды.

А.Ақылбекованың айтуынша, Балалар шығармашылық орталығында тамыры тереңде жатқан оюлар дүниесін жаңғыртып, балаларға үйретуге айрықша мән беріледі. Кіші топтарға жеңілдеу формада үйретілсе, жоғары сыныптағы ұл-қыздар бір тоқсан бойы оюды түрлі техникаларда жасау, қолдануды меңгереді.

Торғын ТҰРЛЫБАЕВА

 

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.