Вакцина – ең тиімді қорғаныс

Коронавирустан қорғанудың ең тиімді тәсілі – вакцина алу. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел азаматтарын мүмкіндігінше екпе салдырып, өзіміздің, жақындарымыздың денсаулығын сақтауға шақырды.
Вакцина – ең тиімді қорғаныс

Елдік мүдде, екпе салғызу әр азаматтың борышы. Бұл жұмыс біздің қаламызда да белсенді жүргізілуде. Әсіресе, аға буын өкілдерінің өздері барып, екпе алып үлгі танытып жатқаны қуантады. Осы аптада қала басшысы Батыр Молдахметов, кәсіпкерлер палатасының директоры Тұрысбек Жұмаділов, Текелі қалалық полиция бөлімінің бастығы Ұлан Садықов екпе салғызып, тұрғындарды ұжымдық иммунитет қалыптастыруға үндеді.

Иммунитет қалыптастырудың толық курсынан өту үшін коро-навирусқа қарсы «Спутинк V» вакцинасының 2 компонентін қабылдау керек. Айтып өтейік, сәуір айынан бастап халықты жаппай вакциналау басталғаны белгілі. Кез келген адамға коронавирусқа қарсы екпе салдыруға мүмкіндік жасалды. Текелі қаласының емханасына осы жылдың 3 наурызында осы екпенің 1000 дозасы әкелінсе, 13 сәуір күні тағы 1500-і жеткізілді. COVID-19 індетіне қарсы препаратты салдыру үшін азаматтар, бірінші дәрігердің қарауынан өтеді. Қан қысымы, дене қызуы тексеріледі. Егер денсаулығы жақсы болса, онда екпе кабинетіне жібе-ріледі. Шаһарымызда осындай вакцина алуға арналған 5 процедуралық орынжай жұмыс істейді. Қалалық аурухана директорының вакцина алатын пациенттерді қолдау және ішкі аудит жолдамалар  қызметі бойынша орынбасары Камила Жамалованың айтуынша бүгінде аталған иммундау жүйесінің I компонентін 1200 тұрғын қабылдаған. Ал, II компонентін 200 ге жуық азамат салдырған. Мамандардың сөзінше, екпе алған адамдарда ешқандай асқыну болмаған. Вирусқа қарсы вакцинаны алған азаматтардың бірі Татьяна Головкина. Жасы 73 те. Екпені салдыруға ерікті түрде барған. Кейуана «ауырып ем іздегенше ауырмайтын жол іздеу керек» деген пәлсапаны ұстанатынын айтады.

Татьяна Головкина, тұрғын:

«Мен қауіпті індетке қарсы вакцинаны алу керек деп санаймын. Вакцина алған соң ешқандай сезім болған жоқ, бәрі жақсы. Менің ойымша, вакцина алу маңызды қадам. Біз осылайша ғана өзімізді сақтай аламыз. Вирустың жайылуын осылай ғана тоқтата аламыз».

Қауіпті індетке қарсы вакцинаны алғандар қатарында Итбасовтар отбасы да бар. Отағасы Арман Итбасов сақ-танудың бірден бір жолы «Спутник V» вакцинасын алу деп санайды. Ол жанұясымен екпе алуға шешім қабылдаған.

Арман Итбасов, учаскелік полицей:

«Екінші компонентін салғыздым. Еш бір жанама әсер болмады. Бірақ, біріншісін алғанымда 1-2 сағат әлсіздік болды. Меніңше бұл қалыпты құбылыс. Қорықпау керек, денсаулықты сақтау үшін екпе алуымыз керек. Өзімізді қауіпті кеселден тек осылайша арашалай аламыз. Бұл маңызды деп санаймын».

Естеріңізге сала кетейік, әр азамат қалауы бойынша өздері тіркелген емханаға барып коронавирусқа қарсы «Спутник V» вакцинасын ала алады. Бұған қоса, алдын ала өтінішпен медицина мамандары мекемелерге барып, вирусқа қарсы екпе салады. Аталған қызметті пайдаланғандар қатарында «Шапағат» арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы, «Текелі кенді қайта өңдеу кешені» ЖШС, «Текелі  энергокомплексі» ЖШС ұжымдары бар.

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.