Ынтымақ түбі – игілік

Әрбір мұсылманның тілегі де, арманы да елінің тыныштығы, бейбітшілігі мен бірлігін, ынтымағын сақтау екені айтпаса да баршамызға аян. Олай дейтініміз, ынтымағы жарасқан бейбіт өмір сүру, баршамызға ортақ – береке, бақыт, бірліктің болуы болашақта өрлеу, өркендеу, дамуға жол ашады. Дана халқымыз «Байлық байлық емес, бірлік – байлық» деп бекер айтпаған.
Ынтымақ түбі – игілік

Рухани келісім, татулық, ынтымақ, бірлік, өзара бір-бірімізге деген сүйіспеншілік, махаббат – жақсы мінез-құлықтың таптырмас факторы.  Алайда бұған қарама-қайшы жаман мінез-құлық жеккөрушілікке, көреалмаушылыққа, айрандай ұйыған қарым-қатынастың бұзылуына себеп болып жатады. Ислам діні жақсы мінез-құлыққа ерекше көңіл бөледі. Асыл дінімізде бес нәрсені – Отаныңды, дініңді, ұятыңды, жаныңды, дүниеңді қызғыштай қорғау бұйырылады, бұл сауапты амал болып табылады.

Бүкіл мақтау, мадақ Алла Тағалаға тән, сансыз шүкір дейміз, өз тәуелсіз
Отанымыз бар. Олай болса, Қазақ елінің рухани тұтастығы мен бірлігін, ынтымағын, қауіпсіздігі мен тыныштығын сақтау да – сіз бен біздің азаматтық борышымыз.

Қасиетті Құранда Жаратушы Алла Тағала «Әли Имран» сүресінің 103-аятында: «Алла тартқан желіден (діннен) бекем ұстап, бөлінбеңдер. Алланың өздеріңе жасаған рақымын еске алыңдар. Сендер өзара жау едіңдер, ол сендердің жүректеріңді жақын-датты. Соның рақымымен табысып, туыстастыңдар. Сендер тозақ апатының жиегінде тұр едіңдер, Алла сендерді одан да құтқарды. Алланың аяттары, міне, осы жайды баяндайды. Мүмкін, осыған ой жіберіп, тура жолға түсерсіңдер», – дейді. Осы сүренің 105-аятында: «Айқын дәлелдер келген соң жікке бөлініп, алауыздық туғызатындар болса, олар ауыр азапқа душар болады», – деп ерекше ескертеді.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мұсылман мұсылман үшін бір-бірін бекем ұстап тұрған ғимарат тәрізді», – десе, келесі бір хадисінде: «Мүміндер бір-біріне сүйіспеншілік, мейірімділік және жанашырлық танытуда біртұтас дене іспетті. (Адамның) бір жері ауырса, ұйқысы қашып, ыстығы көтеріліп, бүкіл денесі ауырған жерінің мұңына ортақтасады», – дейді.

Абай атамыздың «Біріңді, қазақ, бірің дос, Көрмесең – істің бәрі бос» деп асқан жанашырлықпен халқына үн тастауы халқын ауызбіршілікке, ынтымаққа, бірлікке шақыруда. Екі дүниенің сардары Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сә-лемі болсын) тағы бір хадисінде: «Мұсылман – мұсылманның бауыры. Оған (қиянат жасамайды) зұлымдық қылмайды, оны мақрұм қалдырмайды, оны төмен көрмейді. Бір кісіге жамандық ретінде оны төмен көрудің өзі жеткілікті. Қандай да бір мұсылманның малы, қаны, арнамысы басқа бір мұсылманға харам етілді», – деп қатаң ескертеді.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жоғарыда айтқан хадис-терімен қоғамның ынтымағын, тыныштығын, бірлігін, дұрыс өмір сүру жолын үйретуде. Бұл заңдылықтар – адамзат үшін, қоғамда өмір сүріп жатқан әрбір адамға жүктелген міндеттер деп қарауымыз керек. Ел амандығы ынтымағы, бірлігі үшін өзімізге қатысты кей-бір істерден бас тарту иманның кәмілдігінен болмақ.

Елімізде ауыртпалықтар, қауіпті індеттер орын алып жатқан кезде, осы жағдайды пайдаланып, үй ішінен үй тігіп, түрлі топқа бөлініп, бүлік шығару еш жерде құпталмайды. Керісінше, қоғамдағы ынтымақ пен бірлікті берік ұстап, ол жолда қандай жұмыстар атқару керегін басты назарда ұстағанымыз абзал болмақ.

Алланың үлкен нығметінің бірі – сіз бен бізге нәсіп еткен тыныштығын, ынтымағын, бірлігін сақтауға, қолда барда алтынның қадірін білуге тиіспіз. Өткеннен кейін өкіну кеш болмақ. Алла Тағала ынтымағымызды мәңгі етсін, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын.

Аман Айтбосынұлы, Текелі қаласы «Керімбек би» мешітінің бас имамы

 

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.