Қош келдің, он екі айдың Сұлтаны - Рамазан айы

Ассалаумағалайкум құрметті Текелі қаласының тұрғындары! Сіздерді он екі айдың Сұлтаны – Рамазан айымен шын жүректен құттықтаймын.
Қош келдің, он екі айдың Сұлтаны - Рамазан айы

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы еліміздегі іргелі зерттеу орталықтарының бірі болып табылатын В.Г.Фе-сенков атындағы Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығының ғылыми мәліметіне сүйеніп, сондай-ақ, көрші Өзбекстан және Қырғыз-стан мұсылмандары діни басқармаларымен кеңесіп, Рамазан айының басталатын күнін белгіледі. Шариғат үкімі мен ғылыми зерттеу жұмысының қорытындысына сәйкес, Рамазан айы биыл елімізде 24 сәуір күні басталады. Бұл шешімді Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде ҚМДБ төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы жариялады. Сондай-ақ, пітір садақасы 370 теңге болып бекітілді.

Шариғат бойынша балиғатқа толған әрбір мұсылманға Рамазан айында ораза ұстау – парыз. Сапар үстіндегі жолаушылар, сырқаттанған немесе денсаулығы нашар адамдар ауруының асқынуынан қауіптенсе және дәрігер ұзақ уақыт ашығудан денсаулығы күрт нашарлап кетуі мүмкін деген шешім қабылдаса, осы адамдардың, сондай-ақ, жүкті немесе омырауда баласы бар әйелдердің ораза тұтуды кейінге қалдыруына шариғат рұқсат береді. Тікелей эфирде өткен брифингте бас мүфти елімізде індеттің таралуының алдын алу мақсатында қолға алынған төтенше жағдайға байланысты тарауық намазы мешіттерде жамағатпен оқылмайтынын мәлімдеді:  

«Тарауық намазы мешіттерде жамағатпен оқылмайды. Тарауық намазын әркім өз шаңырағында отбасы мүшелерімен оқуына кеңес береміз. Біз осылай оқшаулану арқылы жұқпалы індетті жеңеміз. Жұқпалы індеттің таралуының алдын алу мақсатында мешіттерде, дәмханаларда, қоғамдық орындарда т.б. мекемелерде жиналып, ауызашар беруді уақытша тоқтатуға шақырамыз. Төтенше жағдай кезінде көпшілікті өз шаңырағында, отбасы мүшелерімен ауызашар өткі-зуге, дәмхана, мейрамхана т.б. орындарға жиналмауға үндейміз. Қазіргі жағдайға қарай ораза ұстаған адамдарға ауызашар беруде мынадай қайырлы амалдарды жүзеге асыруға шақырамыз – мейрамханаларға тапсырыс беріп, ауызы берік адамдарға тамақ тарату, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға азық-түлік жеткізіп беру жолымен ауыз аштыру, ауызашарға жұмсалатын қаржыны ораза ұстаған адамдарға ақшалай беру және т.б». 

Алла Тағала мейірімді және кешірімді. Адам баласының дені сау, жаны таза, бауырмал болуы үшін Құран аяттарын түсірген. Мұсылмандық ұстанымдар бізді сол адамгершілікке бастайды. Қасиетті Рамазан айын-
да ораза ұстап, құлшылық ету, ізгілікті істер істеу – жанымыз бен тәнімізді тазартатын, еркімізді шыңдайтын өте қайырлы амал.  

Ораза ұстау һижра жыл санауының екінші жылында Шағбан айының соңында Құран Кәріммен парыз болған. Бахара сүресінің 183-аятында: «Ей, Аллаһқа иман келтіргендер, сендердің алдарыңдағыларға парыз болғандай, сендерге де Ораза парыз болды, бәлки сендер тақуа боласыңдар» делінеді. Бұл бізге исламға дейінгі болған кітаптардың барлығында да Ораза адамдарға парыз етілгендігінен  хабар береді. Демек, Ораза исламға дейін де Иса (а.с), Мұса (а.с) тұсындағы Інжіл, Тәурат кітаптарында парыз делінген. Бірақ біздің қағидаларымызбен олардың ережелері сәйкесе бермейді. Құрандағы: «Оларға ораза парыз болғандай, сендерге де парыз болды, бәлки тақуалыққа келесіңдер» деген сөзде терең мән жатыр.

Тақуалық – Алладан қорқу, Алланың тыйыл деген нәрсесінен тыйылу, бұйырған нәрсесін бұлжытпай орындау. «Алладан басқа құдай жоқ, Мұхаммед (с.а.у.) оның елшісі» деп, оны мойындағаннан бастап, бізге намаз, зекет, ораза, қажылық парыз етілді. Рамазан айының қасиеті мен артықшылығы жайында Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.у) хадисінде: «Сендерге ораза айы келіп жетті, бұл айдың түні басқа айдың түнінен мың есе артық» делінеді. Өйткені, бұл айда Қадір түні бар. Бұл айда Құран түсті. Алла Тағаланың құдіретімен Құран адам баласын қараңғылықтан, надандықтан құтқарып, нұрлы өмірге жетелеу үшін жіберілді.   Құранда айтылған нұр дегені-міз – тура жол. Тура жолдың амалы мұсылманның бес парызымен бітеқайнасып жатыр. Соның ішінде оразаның орны тіпті ерекше. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Ораза – шыдамның жартысы, ал шыдам – сенімнің жартысы» деген. Демек, оразаны басқа ешқандай құлшылықтармен салыстыруға болмайды.

Күллі мұсылман баласы Аллаға құлшылық етіп ораза ұстайтын Рамазан – рахым мен жақсылық айы. Адам баласы мейірімді болған сайын оның жан-дүниесі жарқырап, іс-әрекетінен жақсылық жамырайды. Жақсылық жамандықтың  жолын кеседі. Рамазан, сонымен бірге, сабырлық айы. Кез келген қиындыққа қаншалықты сабырлық таныта алсаң, одан шығудың жолын соншалықты тез табатындығыңа еш күмән келтірме. Рамазан, сондай-ақ, өзгеру айы. Қасиетті Құранда адам өзі өзгермейінше, Алла оны өзгертпейтіні айтылады. Яғни, адам баласы жақсылыққа алдымен өзі ұмтылуы керек. Түзу ниет, адал жүрекпен қолға алған жақсы істі Алла Тағала оңға бастайды, біртіндеп жолың ашыла береді. Міне, ісімізді оңғаратын оразаға, қасиетті Рамазан айына келіп жеттік.

Қазір әлем халқы ауыр сынақты басынан өткеруде. Тез таралып жатқан қауіпті індет біздің елімізге де кесірін тигізіп тұр. Осындай қиын-қыспақта мұсылмандық парызымызды орындап, сабырлық танытуымыз, Мемлекет басшысының Жарлығымен қолға алынған төтенше жағдайдың талаптарын сабырлықпен орындауымыз, мүмкіндігімізше бір-бірімізді қолдап, көмек көрсетуіміз керек. Әсіресе, қазыналы қарттарымызды, болашағымыз, ертеңіміз – балаларымызды  қорғауымыз, береке-бірлікпен ізгі істерді көптеп істеуіміз керек. Сонда ғана мынау кесірлі індетті еңсеріп, өзіміз қалаған сүйікті істерімізге тез оралатын боламыз.

Баршамыздың құлшылық-ғибадаттарымыз қабыл болғай!         

          Аман Айтбосынұлы, Керімбек  би мешітінің бас имамы

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.