Халық сенімін ту еткен

Қазақстан Республикасының Конституциясы бүкілхалықтық референдумда қабылданған 1995 жылдың 30 тамызы тарихта ерекше бедермен қалды. Бұл күні елімізде мемлекеттік мереке ретінде белгіленді.
Халық сенімін ту еткен

Байырғы замандардан бері әр елдің халқы бағынатын заң, ережелері болғаны анық. Әсіресе, бұл мығым мемлекет құруды көздеген елге керек. Қазақстан егемендік алғаннан кейін алғашқы Конституциясы 1993 жылғы 28 қаңтарда Жоғары Кеңестің IX сессиясында қабылданды. Құрылымы преамбуладан, 4 бөлім, 21 тарау және 131 баптан тұрған негізгі құжат халық тәуелсіздігі, мемлекеттің тәуелсіздігі, билікті бөлу қағидаттары, қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде мойындау, Президентті мемлекет басшысы ретінде мойындау, сот органдары: Жоғары, Конституциялық және Жоғары арбитраждық соттар секілді көптеген құқықтық нормаларды қамтыды. 2007 жылы Парламент қабылдаған өзгерістер мен толықтырулар енгізілгеннен кейін Ата Заңымыз жаңа сипатқа ие болып, еліміздегі демократиялық реформалар тереңдей түсті. Биыл 8 маусым күні Қазақстанда референдум нәтижесі бойынша халықтың басым көпшілігінің қолдауына ие болған Конституцияға ұсынылған өзгерістер күшіне енді.

Негiзгi заңда Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырып, оның ең қымбат қазынасы ретінде – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары айқындалды. Сондықтан, әрбір азамат мемлекеттің қорғауында екенін, кез келген қадам мен мәселе заң аясында реттелетінін түйсінуі қажет. Бұл бүгінге де, болашаққа да зор сенім қалыптастырып, байсалды қалыппен бақуатты өмір сүруге ықпал етеді. Бұқара халықтың сенімін ту еткен Конституция барлық заң, ережелердің қайнар көзі бола отырып, адам және адами құндылықтардың салтанат құруын дәріптейді, жаңару мен жаңғыру жолындағы әділдік пен тұтастықты әспеттейді.

Торғын ТҰРЛЫБАЕВА

 

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.