Үй алу мүмкіндіктері

Елдегі ең өзекті мәселелердің бірі – баспана. Жиренше шешен айтпақшы, «өз үйі, өлең төсегінің» болуы бүгінгі қазақтың әлеуметтік жағдайының, қоғамдағы рөлінің, материалдық-қаржылық ахуалының айнасы деуге болады. Елімізде «Қолжетімді баспана» мемлекеттік бағдарламасы аясында үйлі болудың бірнеше жобасы бар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тұрғын үй кезегі мәселесін шешу үшін Үкіметке «5-10-20» бағдарламасын іске қосуды тапсырған болатын.
Үй алу мүмкіндіктері

Осыған орай, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» базасында «Отбасы банкі» атты толыққанды институт құрылды. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының жаңа бағыттарының бірі «Шаңырақ» пилоттық жобасы, яғни, «5-10-20» бағдарламасы жүзеге асырылуда.  Аталған жүйе баспаналы болуды армандаған қазақстандық азаматтарға жеңілдетілген шарттармен несие беру мақсатында әзірленген. Басты шарт – банкте шотыңыз болуы тиіс.

Жобаның негізгі  талаптары:

► Баспаналы болғысы келетін тұрғынның атында үй болмауы шарт.

► «5-10-20» бағдарламасымен баспаналы болғысы келетін азаматтардың тұрғын үй кезегінде тұруы міндетті. Ресми мәлімет бойынша бүгінде елімізде үй кезегінде 540 мың адам тұр. Басымдық мемлекеттік қызметкерлер, әскерилер және бюджеттік сала мамандарына беріледі. Бұған қоса кезекте тұрған толық емес, көпбалалы отбасылар және мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылар да осы бағдарламаға қатыса алады;

► табыс көзі отбасындағы жан басына шаққанда 3,1 күнкөріс деңгейінен аспауы қажет. Осы жылы  бұл көрсеткіш 96 667 теңгеге тең.

► несие мөлшерлемесі – 5 пайыз;

► бастапқы жарна – 10 пайыз, ол үміткердің ТҮҚЖБ шотында жиналған болуы тиіс;

► қарызды өтеу мерзімі – 20 жылға дейін;

► баспананы «Нұрлы жер» бағдарламасының аясында салынған жаңа тұрғын үй кешендерінен де, жеке құрылыс салушылардан да сатып алуға болады.

«Отбасы банкі» Алматы облыстық филиалының «Бизнесті дамыту бөлімінің» басшысы  Ерболат Едігеевтің айтуынша, Жетісу өңірінде 1986 жылдан 2021 жылға дейін 51 мыңнан аса адам үй кезегінде тұр. «Шаңырақ» бағдарламасы аясында облыс бойынша 302 несие берілген. 

Айтып өту керек, «7-20-25» ипотекалық бағдармасы мен «5-10-20» жобасының айырмашылығы бар. «7-20-25» жобасына төлем қабілеті жоғарылар ғана қатыса алады. Баспана несиесі екінші деңгейлі банк-
тер арқылы жүзеге асады.

 «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ баспасөз қызметі осы жылдың
1 шілдесінен бастап отбасын жаңадан құрған жанұяларға тиімді шарттармен пәтер алуға мүмкіндік беретін «Жас отбасы» жаңа тұрғын үй бағдарламасы іске қосылғанын хабарлады. Аталған жоба бойынша несие мөлшерлемесі жылдық 6% тең, яғни, «Нұрлы жер» бағдарламасы ұсынатын мөлшерлемеден 1%  ғана жоғары. «Бұл тек алғашқы екі жылдағы мөлшерлеме көлемі, ал одан кейін ол 5% дейін төмендейді» дейді сала мамандары. Бағдарламаға  қатысу үшін ерлі-зайыптылардың біреуі «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде» «Жас отбасы» депозитін ашып, бір жыл ішінде болашақ пәтерлерінің 50% қаржысын жинап, бағалау көрсеткішінің бесінші деңгейіне жетуі керек. Ерекшелігі ерлі-зайыптылардың жас мөлшері мен отбасындағы балалар санына назар аударылмайды.

12 сәуір мен  26 мамыр аралығында тұрғын үй-коммуналдық дамудың 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша  жергілікті атқарушы органдарда  кезекте тұрған аз қамтылған отбасыларға кредит беру «Бақытты отбасы» бағыты бойынша өтінімдерді қабылдайды. Шарт бойынша заем мөлшерлемесі жылдық 2%, ең төменгі бастапқы жарна, яғни, заем сомасының 10%-ы, заем мерзімі 20 жылға дейін. Алатын баспанаңыз жаңа салынған тұрғын үйдегі пәтер, қолданыста болған пәтер, немесе жеке тұрғын үй болуы мүмкін. Яғни, таңдау өзіңізде. Бағдарламаға «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқалары бар немесе бұрын «Батыр Ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған  аналар, көп балалы отбасылар, толық емес отбасылар  және мүмкіндігі шектеулі балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған жанұялар қатыса алады. Сала мамандары «Бақытты отбасы» бағдарламасымен Алматы облысы бойынша 1 104 несие берілгенін айтты.           

Гауһар Мұса

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.