Жақсылық бар жерде тапшылық жоқ

Елімізде жарияланған төтенше жағдай режимі сәуір айының соңына дейін ұзартылып, адамдардың жүріс-тұрысын шектеу шаралары қатаңдатылуда. Елдегі бірқатар ірі қалалар карантинге жабылды. Осындай қиын кезеңде мемлекетіміз халықтың қажетін қамтамасыз етуге барынша жағдай жасауда. Сондай-ақ, бір-бірімізге қолдау көрсету, жұдырықтай жұмылып қиындықты бірге еңсерудей игілікті іске қоғамдық ұйымдар, кәсіпкерлер, жеке азаматтар да белсенді атсалысуда.
Жақсылық бар жерде тапшылық жоқ

«Біз біргеміз!» жалпыұлттық акциясы аясында  қаламыздағы Орталық Азия университеті көпбалалы, аз қамтылған 21 отбасына көмек қолын созды. Университет тарапынан дайындалған азық-түліктерді мұқтаж жандардың отбасына «LIDER.KZ» еріктілері ұйымының белсенділері жеткізіп берді.  

Адамгершілікті ту еткен ізгі іске бей-жай қарамайтын «Мега арзан» сауда үйінің жігіттері де жомарттық танытты. Арнайы мал сойып, азық-түліктерге сүбелі ет қосып таратты. 100 отбасына дайындалған азық-түліктерді қаламыздағы ерікті жастар қарт адамдарға, аз қамтылған, көп-балалы және мүмкіндігі шектеулі жандардың жанұясына апарып, олардың ризашылығына бөленді. 

Орталық базардағы «Табыс» сауда үйінде орналасқан «Медина» жеке кәсіпкерлігі де 25 отбасына азық-түлік жиынтығын үлестірді.

Қалалық аурухана әкімшілігі мен кәсіподақ комитеті бірлесіп, осындай қиын-қыстау кезде көпбалалы ана болса да жұмыстан қол үзбеген дәрігер мамандар мен зейнеткерлеріне көмек берді.

«Астана» дүкені санитарлық постқа дене қызуын өлшейтін тепловизор тарту етті.

Жақсылық айналасын шуаққа бөлеп, бар тіршілікке үміт, күш-қуат сыйлайтын көктем секілді. Жақсылық бар жерде тапшылық жоқ. Ата-бабаларымыздан келе жатқан осынау ізгі ұстанымға берік болу, оны жалғастырып дамыту баршамыздың ұлт алдындағы азаматтық жауапкершілігіміз. 

«Жомарттық – жан байлығы» дейді халқымыз. Қасиетті Рамазан айы қарсаңында мейірімге толы жылы жүрекпен көмек көрсету де – мұсылманның бір парызы. Пейілі дархан, көңілі жарқын жеке азаматтар осындай азаматтық танытып жатқанда, іргелі кәсіпорындар да үнсіз қалмасы сөзсіз. Жақсылық жасап жарысайық, ағайын! Бауырымыз бүтін, басымыз аман болсын. Біз біргеміз, берік іргеміз!      

 

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.