Сот таразысы – Ата заң

Конституция баптарында нақты көрсетілгеніндей, еліміздегі сот билігі мемлекет тарапынан жүзеге асырылатын біртұтас мемлекеттік биліктің дербес тармағы болып табылады. Сот билігі азаматтардың, мемлекеттік органдар мен ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды, Ата заңның және одан тарайтын барлық заң-ережелердің, өзге де нормативтік-құқықтық актілерінің, халықаралық шарттарының орындалуын қамтамасыз етеді.
Сот таразысы – Ата заң

Ата заң берген мәртебеге және құқықтық әлеуетке сай Тәуелсіз Қазақстанның сот жүйесі де тәуелсіз. Ол тек Ата заңда белгіленген заңдық негіздерді, атап айтқанда, ел азаматтарының құқықтарын, міндеттерін, мемлекеттік билік тармақтарының заңдық негіздерін басшылыққа алады. Елімізде сот төрелігін сот қана жүзеге асырады.

Еліміздегі сот жүйесі конституци-ялық заңмен белгіленеді және заңдық күшке ие. Жоғарғы және жергілікті соттардың үкімі мемлекеттік сипатқа ие, яғни, барлығы да Қазақстан Республикасының соттары болып табылады. Сондықтан, сот шешімдері, үкімдері мен қаулылары мемлекетіміздің барлық аумағында міндетті күшке ие. 

Судьялар төрелік айтуда, шешім шығаруда ешкімге жалтақтамайды, тек Ата заңда көрсетілген баптарды басшылыққа алады. Сот таразысы – Ата заң. Демек, сот төрелігін айтуға, шешім шығаруға заңдық негіздерден өзге қандайда бір тұлғалардың араласуына, ықпал етуіне тыйым салынған. Әдетте судьялар нақты істерге байланысты есеп бермейді.

Соттың күші сонда, заңдық күшке енген соттың шешімінсіз жасалған заң бұзушылықтарға байланысты кінәлі деп танылған тұлғаға ешқандай заңдық жауапкершілік артылмайды. Сондай-ақ, бір құқық бұзушылық үшін соттың шешімінсіз ешкім қайталай жауапкершілікке тартылмайды және соттың шешімін өзгертуге ешкімнің құқы жоқ. Заңның кері күші болмайды, яғни, құқық бұзушылық бойынша шығарылған шешім заңмен күшін жойса немесе жеңілдетілсе, оған жаңа заң қолданылады.

Айыпталушының өзінің кінәсіздігін дәлелдеуге міндетті еместігі, оны адквокаттардың жүзеге асыруы да соттың бейтараптығын білдіреді. Сондай-ақ, заңсыз негізде алынған айғақтардың заңдық күшінің болмайтыны және ешкімнің өзінің жеке мойындаулары негізінде сотталмайтыны да соттың заңдық негізін айғақтайды және адамның белгілі бір заң бұзушылыққа байланысты кінәлі екендігі бойынша кез келген күдік сол айыпталушының пайдасына қарастырылады. Яғни, сот төрелігі күмәнға емес, заңға, заңдық дәлелдерге негізделеді. Қылмыстық заңды ұқсастығына қарай қолдануға жол берілмейді, кез келген заң бұзушылыққа заң тармақтары бойынша үкім шығарылады. Конституциямен белгіленген сот төрелігінің принциптері Республиканың барлық соттары мен судьяларына ортақ және бірыңғай болып табылады.

Б.Мадыбекова, Текелі қалалық сотының кеңсе меңгерушісі

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.