Деректі фильм көрсетілді

Тәуелсіздік күні қарсаңында Текелі қаласының 70 жылдық мерейтойы аясында түсірілген «Текелі: адамдар мен тағдырлар» фильмі көрерменге жол тартты. 15 желтоқсанда «Металлург» клубында деректі фильмнің алдымен қазақша, кейін орыс тіліндегі нұсқасы көрсетілді.
Деректі фильм көрсетілді

Фильм басталмас бұрын жиналған жұртшылықты Текелі қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Марат Дәуренбаев Тәуелсіздік күнімен құттықтап, Елтаңбамыз еңселі, көк Туымыз тұғырлы, егемендегіміз баянды болсын деген ізгі тілегін арнады. «Биыл қаламыздың құрылғанына 70 жыл толды. Мерейтой аясында қолға алынған ауқымды жобалардың бірі қаланың өткені мен бүгінін зерделейтін фильм түсіру болатын. Фильм архивтік құжаттар негізінде, көргені мен түйгені мол адамдардан сұхбат алынып, жинақталған, түсірілген материалдар заманауи техниканың көмегімен өңделіп, жоғары сапамен жасалды. Деректі фильмді телевизия арқылы да, үлкен экрандардан да көрсетуге болады. Жыл бойғы еңбектің жемісі Тәуелсіздік күніне орай қолға тиіп отыр. Өздеріңіз көріп, бағасын бересіздер»,– деді ол. Осы фильмді түсіру жөніндегі идея авторы – қалалық Мәдениет үйінің директоры Константин Нестеров.

Аталған фильмнің көрсетілімінен соң көрерменге жылы лебізін білдірген қала әкімінің орынбасары Бауыржан Тұғылбаев: «Фильмді тамашалағаннан кейін Текелінің тарихы, қалыптасу жолы туралы біраз қызықты мағлұматтарға қанық болдыңыздар деп ойлаймын. Өзім Текелінің өскен-өркендеген кезінің де, тоқыраған кезінің де, қайта жаңғырып, жаңа тыныспен дамуға бет бұрған кезеңінің де куәсімін. Адам үшін 70 деген бірталай жас болғанмен, қала үшін бұл көп уақыт емес. Жас қаламыздың гүлденіп, өріс жаятын уақыты әлі алда. Мына деректі фильмді ғаламтор желісі арқылы кез келген жанның көруіне мүмкіндік бар»,– деді.

***

Тәуелсіздік күніне орай №5 орта мектебінде қалалық Мәдениет үйі және Балалар шығармашылығы орталығы өнерпаздары ән мен күйден шашу шашты. «Абзал ана отауы» халықтық әжелер ансамблі, құлақ құрышын қан-дыратын әншілер мен шебер күйшілер орындаған ән мен күй рухты оятып, көңілді аспандатты. Мың бұралған кішкентай бишілер мерекелік концерттің шырайын кіргізді.

Торғын ТҰРЛЫБАЕВА

 

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.