Жыр алыбы Жамбыл

Биыл 28 ақпанда қазақ халық поэзиясының әйгілі тұлғасы, жырау, өлең сөздің дүлдүлі Жамбыл Жабаевтың туғанына 175 жыл болады. Жыршы 1846 жылдың 28 ақпанында Жамбыл облысындағы Жамбыл тауының етегінде дүниеге келді.
Жыр алыбы Жамбыл

Атамыздың ақындық дарыны жас кезінен-ақ таныла бастаған, жастайынан Сүйінбай Аронұлының ақ батасын алған. Оның үздік шығармалары қырықтан астам шет елдер тілдеріне аударылды. Белгілі жазушы Сәкен ағамыз: «Жамбыл жырлары теңіз түбінде шашылып жатқан маржан сықылды. Оны жинап алып, халқының қолына беру – біздің әрқайсымыздың азаматтық борышымыз». – деп, Жамбыл атамыздың жырлары халықтың әлеуметтік-саяси өмірі мен ел мүддесіне қатысты екенін көрсетіп отыр. Ол ел өміріндегі жеңіс пен ерлік істерді ерекше шабытпен жырлайды. Ұлы Отан соғысы жылдарында қарт ақын жауынгерлерді жігерлендіретін жалынды өлеңдерімен Ұлы Жеңіске үлес қосты. Мәселен, «Ленинградтық өренім» атты өлеңінің аудармасы радио арқылы қала тұрғындарына естіртілді, көшелерге, үйлердің қабырға-сына, плакаттарға жазылып ілінді. Ленинград қаласының тұрғындары үшін ұлы Жамбыл атамыздың орны ерекше. Қаланың 250 жылдығы тойланғанда арнайы делегация ақынның туған жеріндегі мұражайға мерейтойға арналып шығарылған ескерткіш медальді тапсырды.

Жазушы Мұхтар Әуезов: «Жамбыл – ақыл-ойдың алғыры, өзгеге ұқсамайтын дара, оқшау бет-бейнесімен аса зор құбылыс. Оның бір өзі әрі эпик ақын, әрі айтыс ақыны, әрі азаматтық әуеннің де ақыны». – деп, жыршыны нағыз ақын ретінде байтақ елге танытқан оның есімін бүкіл Жетісуға, Қырғызстанға, Сыр бойына таратқан өнері – оның айтыстары екенін айтуда. Бұл айтыстарында қыз бен жігіттің қайым айтысы, түре айтыс және сүре айтыс та бар. Жамбыл атамыз барлық айтыс түрінде де өзінің нағыз ұшқыр ойлы өнер майталманы, тапқыр шешен, әрі кестелі сөздің шебері екенін көрсетеді. Көптеген суырып салма ақындармен сөз бәйгесіне түсіп, жүйріктерді жеңіп, шоқтығын асырып отырған. Жыршы өмірінің соңына дейін елін қолдап, бірнеше туындылар шығарды. Қазақ әдебиетінің даңқын бүкіл әлемге жайды.

Жамбыл атаның шығармашылығын бізге қалдырған асыл мұрасы десек те болады, оның халыққа қалдырған туындылары ғасырдан ғасырға қазақ еліне аманат болып қалмақ.

Ұлбосын Нұрбекқызы

 

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.