Облыста 34 мың орынды 86 мектеп құрылысын жүргізу бесжылдық жоспарға енгізілді

Алматы облысы білім беру саласында үш ауысымды және бейімделген мектептердің меселесін шешудің нақты жоспары белгіленді. Алдағы бес жылда 34 мың орынды 86 мектеп құрылысы жүргізілмек. Бұл туралы бүгін облыстық мәслихаттың жаңа құрамымен өткен 1-ші сессия барысында белгілі болды. Осы және өзге де белгіленген әлеуметтік жобалар жайында облыс әкімінің орынбасары Жеңіс Тұяқов айтып берді, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Облыста 34 мың орынды 86 мектеп құрылысын жүргізу бесжылдық жоспарға енгізілді

Аталған бағдарламаның басымдық ретінде белгіленген 3 бағытының бірі - өмір сүрудің жаңа сапасын қамтамасыз ету. Ол үшін бірінші кезекте, бес жыл ішінде 260 мың жұмыс орнын құру арқылы халықты жұмыспен қамту шаралары көзделді. Бұған «Еңбек» бағдарламасы да ықпал етіп, жыл сайын 30 мыңнан астам адам қамтылады. «Жас кәсіпкер», «Бастау бизнес» жобалары бойынша 5 жарым мың жас оқытылып, жұмысқа орналастырылады. Осылайша, 2025 жылға қарай жұмыссыздық деңгейі 4,5 процентке дейін, жастар жұмыссыздығы 2,5% дейін төмендейді деп межеленіп отыр.

Сол сияқты білім беру саласында үш ауысымды және бейімделген мектептердің меселесін шешу жалғастырылады, 34 мың орынды 86 мектеп құрылысы салынады. Бұл жерде өткен бес жылда 82 мектеп тұрғызылса, оның 59-ы үш ауысымның орнына салынғанын атап өту керек.

Денсаулық сақтау саласында 2025 жылға дейін тағы 62 нысан салу көзделіп отыр. Оның ішінде Алакөл, Балқаш, Іле, Талғар аудандарында 4 аурухана, Жамбыл, Кербұлақ, Райымбек аудандарында және Талдықорған қаласында 5 емхана, 54 дәрігерлік амбулатория мен медпункттер салынады. Қазір медицина мекемелері ғимараттарының тозуы 56% деңгейінде болса, бұл жұмыстар осы көрсеткішті 32%-ке дейін төмендетуге мүмкіндік береді. Ал дәрігер тапшылығын жою үшін медициналық жоғары оқу орындарының 122 түлегі тапшы мамандықтар бойынша резидентурада оқитын болады. Бұл ретте жыл сайын әкімнің гранты 260 мектеп түлегіне берілетінін атап өтуге болады.

Бұқаралық спортты дамыту үшін аудан орталықтары мен ірі елді мекендерде 11 дене шынықтыру-сауықтыру кешені жұмыс істеп тұр. Өткен жылы Қарасай, Ескелді және Көксу аудандарында 3 дене шынықтыру-сауықтыру кешені, оның екеуі «Ауыл-Ел бесігі» жобасы аясында іске қосылды. Ал алдағы 5 жылда 58 спорт нысаны тұрғызылып, халықтың спорттық инфрақұрылыммен орташа қамтамасыз етілуі 1000 адамға шаққанда 60%-ке дейін ұлғаяды. Бағдарламаның адами капиталдың сапасын жақсартуға бағытталған үшінші бағыты осындай ауқымды шараларды қамтымақ.

Атап өтсек, Алматы облысының 2021-2025 жылдарға арналған даму бағдарламасын жүзеге асыруға 3,5 трлн. теңге қарастырылған, оның 2 трлн. 300 млрд. теңгесі – бюджеттік, 1 трлн. 200 млрд. теңгесі - жеке қаражат.

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.