Дін – тәрбиенің рухани тірегі

Дүние жүзіндегі барлық адамзат қандай да бір сенімге әртүрлі жолмен табынып, қадір тұтып өмір сүреді, бір сөзбен айтқанда, түрлі діндердің қағидаттарына бағынады. Әр халықтың ұстанған діндері олардың өмір сүру қалпы мен мәдениетіне әсер етеді. Діннің қалыптасуы сол халықтың әдет-ғұрпы, салт-дәстүріне үйлесіп дамып жетіліп отырады.
Дін – тәрбиенің рухани тірегі

Жалпылай алғанда, дін адамзатты жақсылыққа, адамгершілікке жетелейтін, рухани байытатын жол. Ұлы ғұлама Абай хакімнің:

«Алланың өзі де рас, сөзі де рас,

Рас сөз ешқашан да жалған болмас...» дейтіні дін немесе Алланың елшісі Мұхам-мед (Алланың рахымы мен сәлемі болсын) пайғамбарымыз арқылы бізге жеткен Алланың сөзі – ислами қағидаттары шынайы тәрбие негізі екендігін көрсетіп тұрғандай.

Осындайда:

Шындықтан өткір қылыш жоқ,

Тас болса да кесетін.

Шындықпен жүрсең көңіл тоқ,

Шынайы тірлік кешесің, – дегім келеді.

Жоғарыда айтқандай әр діннің табынушылары өз ұлтының ерекшелігіне сай өз адами қасиеттерін қалыптастырады. Біз, қазақтар, мұсылманбыз, ислами қағидаттарды терең түсіну арқылы өз халқымызды, Отанымызды, әдет-ғұрпымыз салт-санамызды, ана тілімізді, ұлан-байтақ жерімізді сүюге, бір-бірімізді бауыр тұтуға, жақыным деп жақсы көруге үйренеміз және адалдық пен адамгершілікті, бірлік-берекені бағалай аламыз.

Бұл жайлы Ұлы Абай бабамыз:

Махаббатпен жаратқан адамзатты,

Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.

Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,

Және хақ жолы осы деп әділетті, – деген өсиет қалдырды.

Жастарымыздың діни сауаттылығын бала жасынан қалыптастырып, қазақ халқының салт-дәстүр, әдет-ғұрпы, ырым-тыйымын насихаттау олардың түрлі экстремистік ағымдарға еліктемеуіне, рухани адаспауына септігін тигізеді. Сондықтан жастармен жұмыс жасайтын ұйымдар, балабақша, мектеп, жастар ұйымдары, орта және жоғары оқу орындарында дініміздің мән-мағынасын, оның шынайылығына, тән мен жан тазалығына, саулығына тигізетін пайдасын ұғындыру, дағдыландыру тәрбиенің басым бағыты болу шарт.

Бүркітбай ФАЙЗОЛЛАҰЛЫ, «Шарапат-Сауап» корпоративтік қорының төрағасы

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.