Дін және зайырлы қоғам

«Қазақстан-2050» стратегиясында: «Біздің мемлекетіміздің зайырлы келбеті – Қазақстанның табысты дамуының маңызды шарты. Мұны Қазақстанның қазіргі және болашақ саясаткерлері, барлық қазақстандықтар айқын түсінуге тиіс»,– деп атап көрсетілген.
Дін және зайырлы қоғам

Бүгінгі жаһандану заманында еліміздің басты алғышарты – қоғамдық келісім мен төзімділік мәдениеті екендігі күмәнсіз. Бұл бейбіт өмір мен тұрақты дамудың берік тұғыры. Бәріміз көріп, біліп отырғанымыздай қазіргі таңда лаңкестік, терроризм сынды сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отырмыз. Оған соңғы орын алған «Қаңтар оқиғасы» дәлел бола алады.

Дін – қоғам өмірінің ажырамас ерекше рухани саласы. Дін әлеуметтік институт ретінде адамзат тарихымен бірге жасауда. Дін – адамдардың санасы мен мінез-құлықтарына ықпал етеді. Сондықтан да мемлекет қандай басқару жүйесін ұстанса да, мемлекетті құраушы әр жанның сенімі, мәдениеті мен болмыстық құндылықтарын, әлеуметтік қоғамда жүйелілігін назарда ұстап отыруы қажет. Қазіргі таңда, қоғамдық өмірде дінге деген қызығушылық артып тұрған уақытта, діннің қоғам өміріндегі орны аса маңызды. Біздің зайырлы мемлекетімізде дін мен қоғам арақатынасын, діни құндылықтардың қоғамдық өмір мен санадағы орнын, әлемдік және дәстүрлі діндердің құндылықтарын зерделеу және талдау өзекті екендігі айтпаса да түсінікті.

Біздің қоғамдағы зайырлылық қағидаты 2011 жылы қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңда бекітілген. Мемлекеттің басты қазынасы – адам және адамның өмірі, оның құқықтары мен бостандықтары. Зайырлы мемлекет ретінде біз осы қағидаларды тереңірек қарастырамыз. Себебі, зайырлы мемлекет еш уақытта адамның сеніміне тыйым салмайды. Керісінше діни сенім бостандығына еркіндік беріп, әр азаматтың жеке діни көзқарасын құрметтейді.  

Қазіргі уақытта діни экстремизм мен  фанатизм, әсіредіншілдік жаһандық сипат алуда. Ендігі мақсат – діни экстремизм мен лаңкестікке қарсы тұратын сыни көзқарас, азаматтық позиция қалыптастыру. Қорыта келгенде айтарым, діни экстремизм мен лаңкестік адам мен қоғам өміріне, мемлекет негізіне қауіпті індет екендігін жастарға байыпты тұрғыда түсіндіруіміз қажет.

 Тәңірберген Дәркенбаев, Текелі қаласы әкімінің орынбасары

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.