Мақсаты биік Марал

Текелілік боксшы қыз, №8 орта мектебінің 8 сынып оқушысы Марал Азаматқызы Баймұратова Қостанай қаласында өткен бокстан 2008-2009 жылы туған кіші жасөспірім қыздар арасындағы Қазақстан Республикасы чемпионатында 1-орын иеленді. Алтын таққан Маралды текеліліктер зор қошеметпен қарсы алды.
Мақсаты биік Марал

Он жасынан бастап боксқа қызығушылық танытқан спортшы қыз Текелідегі Балалар мен жасөспірімдерге арналған олимпиадалық резервтегі мамандандырылған спорт мектебінің бокс бөлімінде жаттығады. Текелі қаласының Құрметті азаматы, ардақты ақсақал, қалалық Бокс федерациясының президенті Ертай Дүйсебаев жеңімпаз қызды жаттығу залына барып, арнайы құттықтады. Бокстың қыр-сырын үйреніп жүрген балалар сап түзеп, ел ағасының лебізін тыңдады, Маралдың жеңісіне масаттанды. «Спорт – үлкен тәрбие құралы. Сендердің уақыттарыңды бос өткізбей, бокспен шұғылданып жүргендеріңе қуанып тұрмын. Нағыз спортшы жаман әдеттен аулақ жүреді, әлсізді қорғап, жақсы істерді қолдайды. Болашақтарың алда. Елімізді өркендету, таныту сендердің қолдарыңда. Жеңісті күндерің көп болсын», – деген Е.Дүйсебаев Қазақстан чемпионы атанған Маралдың әр қадамына сәттілік тілеп, сый-сияпат көрсетті.

Өзіне деген ілтипатқа риясыз қуанған Марал Баймұратованы сөзге тарттық. «Кішкентайымнан спортқа жақын болдым. Әсіресе, Головкин рингке шыққанда басқа дүниенің бәрін ұмытатынмын. Содан кейін ғаламтордан танымал шетелдік боксшы қыздардың өнерлерін жиі қарайтын болдым. Он жасымнан бокс секциясына қатысып, жаттыға бастадым. Жаттықтырушым Алмас Тұрлынов көп нәрсе үйретті. Он бір жасымда Текелі және көрші аудандардың кішкентай боксшылары қатысқан жарыста жеңімпаз атанғаным есімде. Бұл менің алғашқы жарысым мен жеңісім еді. Кәдімгідей қуанып қалдым, өзімді шын боксшы сезініп, жаттығуға үлкен құштарлықпен келетін болдым. Өзіме-өзім Қазақстан чемпионы боламын деп мақсат қойдым. Ол мақсатыма жеттім. Ендігі арманым, шетелде Қазақ елінің Гимнін шырқап, көк Туымызды желбірету. Әлем чемпионы атанғым келеді»,– деген Марал Азаматқызының таудай талабы маңдайына бақ болып бұйырсын деп тіледік.

Тыңғылықты жаттығумен қатар сабағын да ақсатпай жүрген Маралдың арманы биік, алдында даңғыл жол жатыр. Жаттықтырушысы Алмас Тұрлыновтың айтуынша, жақында Павлодарда өтетін оқу-жаттығу жиынына аттанады. 2008-2009 жылы туған кіші жасөспірім қыздар арасында 70 келі салмақта топ бастап тұрған Марал үздіктер турниріне де қатысып, күзге салым бокстан Қазақстан құрамасының қатарында Дубайда өтетін Азия чемпионатында ел намысын қорғайды.

Торғын ТҰРЛЫБАЕВА

 

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.