Бірлесе бақылауға келісті

23 сәуірде «AMANAT» партиясы Текелі қалалық филиалы партиялық бақылау комиссиясының отырысы өтті.
Бірлесе бақылауға келісті

Жиын барысында партияның Сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасындағы автомобиль жолдарын жөндеу жұмыстарына бөлінген қаражат және атқарылып жатқан жұмыстар туралы қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Ермек Нағашыбайұлы баяндады. «Текелі қаласындағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 142,5 шақырым. Бүгінгі таңда Қонаев көшесінің кіреберісінен Гагарин көшесі бойындағы көпірге дейін ұзындығы 6 шақырым жолға күрделі жөндеудің жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленді. Сондай-ақ Гагарин көшесі мен Кошевой көшесі аралығындағы Қонаев көшесін орташа жөндеу жобасының ведомстволық сараптама қорытындысы мамыр айында шығады. Ал Қонаев көшесінде өнеркәсіптік аймақтағы 1,2 шақырым жолды орташа жөндеу жобасының техникалық құжаттамасы әзірленді. Мердігер ұйым анықталған, жақын арада іске аса бастайтын жобалар да бар. Атап айтсақ, Қонаев көшесіндегі жолдың 5 мың шаршы метр шұңқыры жамалады. Тағы 5 мың шаршы метр қала ішіндегі жолдардың шұңқыры жөнделеді. Көп қабатты тұрғын үйлердің кірме жолдарындағы 10 мың шаршы метр шұңқыр да жөндеуден өтеді», – деді.

Текелі қаласының учаскелік полиция инспекторы, полиция майоры Асқарбек Әубәкіров учаскелік полиция инспекторлары тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, ҚР Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабы негізінде қалалар мен елді мекендер инфрақұрылымы объектілерін бұзу, жасыл екпелерін жою және бүлдіру бойынша 380 хаттама толтырылғанын және қараусыз малдардың иелеріне қолданылған шаралар жөнінде айтты. Комиссия мүшелері баяндамашыларға сұрақ қойып, ұсыныстарын ортаға салды және жұмыс нәтижелі болу үшін іске асырылатын жобаларды бірлесе бақылауға келісті.

Торғын ТҰРЛЫБАЕВА 

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.