Бүгінгі сұраныс – кәсіби жұмысшы мамандығы

Ел үшін айтулы жыл – Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында, қаламыздағы техникалық және кәсіптік білім беретін жалғыз оқу орны – Текелі кәсіптік колледжі өзінің 50 жылдық мерейтойын атап өтуде.
Бүгінгі сұраныс – кәсіби жұмысшы мамандығы

Кәсіптік-техникалық білім бағдарламасына арқылы жыл сайын 100 мың студент тегін оқиды. Аз қамтылған, көпбалалы отбасы, ауылдан шыққан балаларға аса мән берілу керек... Жаңа техникалық мамандықтарды таңдаған кезде еңбек нарығындағы алдағы 10-15 жылдағы қажеттілікті ескеру керек. Бұл үшін Үкімет жаңа мамандықтардың атласын дайындау керек.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті

Облыстық кәсіптік білім басқармасы басшысының 1971 жылдың 6 тамызында шыққан №254 бұйрығымен «№185 қалалық кәсіптік-техникалық училищесі» ретінде құрылған. Білім беру мекемесінің мәртебесі бірнеше мәрте өзгерген болатын:
1984 жылдың 13 тамызында шыққан ҚазКСР Мемлекеттік кәсіптік білім комитетінің №220 бұйрығымен «№7 кәсіптік техникалық училище»; Талдықорған облыстық білім басқармасы басшысының 1996 жылдағы 11 шілдеде қабылданған №114 бұйрығымен – «Кәсіптік техникалық мектеп»; Алматы облыстық білім басқармасының басшысының 1997 жылғы 20 тамыздағы №132 бұйрығымен «№17 кәсіптік техникалық мектеп»; Алматы облысы әкімінің 2002 жылғы 30 қарашадағы №10-269 шешімімен «№17 кәсіптік мектеп»; Алматы облысы әкімінің 2008 жылғы 16 мау-сымда қабылданған №102 жарлығымен «№17 кәсіптік лицей»; Ал 2013 жылдың 15 маусымында Алматы облысы әкімі қабылдаған №138 жарлығына сәйкес оқу орны «Текелі кәсіптік колледжі» МКҚК болып жұмысын жаңа дәрежеде жалғастырды.
Бастапқыда Текелі қорғасын-мырыш комбинатына қажетті мамандарды даярлау мақсатымен құрылған мекеме бұрғылаушыларды, жерасты электровоздарының машинистерін, шахталық жұмыс мамандарын, жарғыштарды дайындаумен болды. Текелі қорғасын-мырыш комбинаты білікті, сауатты, жас кадрларға тапшы болғандықтан, №185 қалалық кәсіптік-техникалық училищесінің ашылуы қала үшін өте маңызды оқиға еді. Ал 1976 жылдан бастап мамандықпен қатар студенттер орта білім ала бастады. Сондай-ақ, еңбек нарығының талаптарының өзгеруіне байланысты оқыту жүргізілетін мамандықтар ауқымы да өзгеріске ұшырады.
Жаңадан құрылған білім мекемесінің алғашқы директоры болып сауатты инженер және тамаша ұйымдастырушы ретінде танылған Кононицын Арсентий Всеволодович тағайындалды. Ал кейінгі кезеңдерде мекемені: Алексей Гаврилович Казаков, Геннадий Максименко, Леонид Иванович Смыков, Александр Сергеевич Васильев, Қоқымбаева Гүлнар Балтабекқызы басқарды.
Қазіргі уақытта колледжді Нүсіпов Дәуболат Бейсембайұлы басқарады.
 Білім берудегі еңбек жолын – 1990 жылдың тамыз айында Текелі қаласының кәсіптік мекемесінде өндірістік оқу шеберінен бастап, жалпы техникалық пәндер оқытушысы қызметін, соңынан 1993 жылдың ақпан айынан директордың өндірістік оқу жұмысы жөніндегі орынбасары қызметіне тағайындалып, 2009 жылдың қаңтар айына дейін осы қызметін атқарды. Жас маман, жұмысшы кадрлар даярлауға 27 жылдан астам уақыт ішінде үлкен үлес қосып, еңбегін сіңіріп келгендіктен, кәсіптік білім беруде педагогикалық тәжірибесі мол. 2016 жылдың ақпан айынан «Текелі кәсіптік колледжі» МКҚК директоры қызметіне тағайындалып, осы қызметте қазіргі уақытта еңбек етуде.
Осы уақытқа дейін колледж жұмысшы бағыты бойынша 8000-нан астам: әмбебап ұста, дәнекерлеуші, электромонтер, тігінші-моторист, әмбебап тігінші, кондитер-аспаз, бухгалтер-менеджер, кіші медицина қызметкері, жүргізуші-слесарь, техник-механик, ЭЕМ операторы, құрылысшы, кірпіш қалаушы, ағаш ұстасы, сылақшы-бояушы, сантехник және т.б. білікті мамандарды дайындап шығарды.
Соңғы жылдары колледж моноқаланың даму бағытын ескере отырып, халыққа ұсынылатын білім беру қызметтерінің аясын кеңейтумен қатар туризм секторы үшін мынадай кадрларды даярлауда: туризм нұсқаушылары мен экскурсоводтар, қонақүйлерге қызмет көрсетуші қызметші, шаштараздар, аспаз-даяшылар.
Колледж мәртебесін алу – жұмысшы мамандықтарды ғана емес, орта буын мамандарын да дайындауға мүмкіндік берді. Сондай-ақ, Текелі кәсіптік колледжі – қаладағы ТжКБ жалғыз оқу орны.
Қазіргі таңда колледж мамандық бойынша қа-жетті теориялық білімі мен практикалық дағдылары бар, еңбек нарығында бәсекеге қабілетті білікті жұмысшыларды дайындаумен қатар қысқартылған жұмысшылар мен жұмыссыз халықты даярлау және қайта даярлауда. Бұл өз алдына халықтың өнімді жұмыспен қамтылуына жәрдемдесу және азаматтарды кәсіпкерлікке тарту бойынша мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруға бірден-бір септігін тигізуде. Бұл мақсаттарға жету үшін колледж барлық заманауи материалдық-техникалық база мен барлық мамандықтарға қажетті құрал-жабдықтарға ие.
Тәжірибелі мұғалімдердің жетекшілігімен колледж студенттері әртүрлі деңгейдегі жарыстарда кәсіби шеберліктерін шыңдап, жақсы нәтижелерге қол жеткізді. Сонымен, Worldskills Kazahstan кәсіпқой чемпионаты өткізіле бастаған сәттен бері колледж студенттері 2015-2019 жылдар арлығында «Аспазшы», «Шаштараз», «Қонақ үй-ресепшионисті», «Электромонтаж», «Наубайхана ісі», «Дәнекерлеу ісі» сияқты құзыреттер бойынша 12 жүлдеге ие болды.
Текелі кәсіптік колледжі командасының тиімділігінің негізгі көрсеткіші  –  Қазақстанның білім сапасын қамтамасыз ету тәуелсіз агенттігі жүргізетін көпсалалы колледждері арасындағы рейтингте 6-орында орналасқаны.
Білім беру мекемесі осыдан 50 жыл бұрын құрылған күннен бастап бүгінге дейін жұмысшы мамандықтардың білікті кадрларын даярлау және қайта даярлау міндетін мүлтіксіз атқарып келеді.
Бүгінгі таңда Текелі кәсіптік колледжінің 1971-1995 жылдар аралығындағы жеке құрам құжаттары «Алматы облысының мемлекеттік архиві» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің Текелі филиалында 1988 жылдың 15 маусымынан бастап № 25 қор ретінде мемлекеттік сақтауда уақытша сақталуда. Аталған құжаттар негізінде анықтамалар беріледі.
Пайдаланылған материалдар:  Текелі кәсіптік колледжінің бақылау ісі.
«Текелі құтты мекенім» кітабы.
Ерасыл ИРГАИПОВ, «Алматы облысының мемлекеттік архиві» КММ Текелі филиалының ақпараттық технологиялар архивисі
#Qazaqstan30

 

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.