Жұмыла көтерген жүк жеңіл

Осы аптада «Атамекен» Кәсіпкерлер палатасы Текелі қалалық филиалында «Бастау-бизнес» жобасының түлектері бас қосып, филиал директоры Тұрысбек Жұмаділовтің бастамасымен қордаланған мәселелерді бірге шешу үшін «Бастау-Бизнес» түлектері» ұйымын құрды.
Жұмыла көтерген жүк жеңіл

Аталған жоба бойынша курсты тәмамдап, қолдарына сертификат алып, кәсібін бастағандар да, әлі ыңғайын таппай жүргендер де бар. Кәсіпкерлер палатасы олардың әрқайсысына жол көрсетіп, мемлекеттің кәсіпкерлікті дамытуға көрсетіп отырған қолдауларын пайдаға жаратуға, мүмкіндігінше грант, микронесие алуға бағыттайды.

«Осы жоба шеңберінде кәсіп жүргізу барысында неше алуан кедергілер жолығады. Оны біздің жас кәсіпкерлер бастан өткеруде. Ал бүгін құрылған «Бастау-Бизнес» түлектерінің ұйымы тәжірибе алмасу, заңдық, құқықтық көмек алу, бір-бірінен үйрену, білмегенді сұрау, білгенді айту, қысқасы, «Келісіп пішкен тон келте болмайды» демекші, күшіміз бірлікте екенін көрсетудің бірден-бір жолы дер едім. Ұйым мүшелері адым аштырмай отырған мәселелерді ортаға салғаннан кейін, тиісінше жұмыспен қамту орталығының өкілдерін, заңгер, банк, құқық қорғау органдарының мамандарын шақырып, ақыл-кеңестерін алуға мүмкіндік жасаймыз», – деді Т.Жұмаділов. «Бастау Бизнес» жобасының түлегі, жас кәсіпкер Гүлдана Қапалова ұйым төрайымы болып сайланса, кәсіпкерлікке қадам басқан Олжас Бозымбеков оның көмекшісі болды. Алғашқы жиынның өзінде бір кәсіпкер басқаларға үлгі болсын деген ниетпен несиеге мал алу кезінде кездескен қиындықтарын айтып, одан айналып өтудің жолдарын көрсетті.

Кәсіп ашқан адам еңбектің жемісін өзі ғана көрмейді, тұрғындарды жұмыспен қамтиды, елге тамшыдай болса да пайдасын тигізеді. Былтыр Текеліде «Бастау Бизнес» курсын 294 адам бітіріп, сертификат алса, оның 39-ы 23 миллион теңгеге жуық жалпы сомада грантқа ие болған. Жаңадан құрылған ұйым басқа да түлектердің бағдарлама игілігін көруге жөнсілтер болмақ.

Торғын ТҰРЛЫБАЕВА

 

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.