Қазақстанда жасалған. «Текелі-Граниттің» табысты тарихы.

Алматы облысындағы моноқала Текеліде экономиканы дамыту бағытында елеулі жұмыстар атқарылуда. Қазір мұнда 1411 кәсіпорын жұмыс істеп, осы өнеркәсіп орындары мен шаруа қожалықтарында және шағын, орта бизнесте 4 мыңдай адам еңбек етеді. Сол іргелі кәсіпорындар қатарында «Текелі-Гранит» ЖШС да бар. Бұл нысанның отандық нарықта жүргеніне 15 жылдан асты. Табиғи тастарды өңдеуге, гранит пен мәрмәрдан бұйымдар жасауға маманданған кәсіпорын құрылыс материалдарын өндіру ісіне де елеулі үлес қосып келеді, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Қазақстанда жасалған. «Текелі-Граниттің» табысты тарихы.

«Текелі-Гранит» ЖШС заманауи технологиямен экологиялық талаптарға сай жұмыс істейді. Мұнда қолданылатын италиялық құрал-жабдықтар мен материалдар өнім сапасының халықаралық стандарттарға сай болуына мүмкіндік береді.

Кәсіпорын директоры Владимир Стрельцовтың айтуынша, өнеркәсіп алаңында өнімнің 35 түрі шығарылады. Атап айтқанда, модульді және жылтыратылған плиткалар, брусчатканың бірнеше түрі, жол бордюрлері, баспалдақтар, түрлі сәулеттік фигуралар, соның ішінде субұрқақтар және басқа да көптеген бұйымдар бар. Зауыттың қуаты 24 мың м2 гранит бұйымдарын, 20 мың қ.м жол бордюрлерін, 40 мың қ.м. жиектас өндіруге қауқарлы. «Текелі-Гранит» өндіретін өнімдер елімізде үлкен сұранысқа ие.

- Мәселен, айына біз 2500 шаршы модульдік плита шығара аламыз. Түрлі түстегі және түрлі көлемдегі өнімдерді өндіруге қажетті шикізатты Қапал-Арасан, Күрті, Қордай, Желтау аймақтарынан жеткіземіз. Біз үшін ең маңыздысы – өнімдеріміздің сапасы. Сондықтан бастапқы материалға ерекше мән береміз. Біздің грантттік жылтыратылған бұйымдарымыз облыс орталығындағы орталық алаңды абаттандыру кезінде, Алматы қаласының 2 жол айырығының құрылысында, астанадағы Сулы-Жасыл бульварды абаттандыру барысында қолданылды. Өндіріс процесінде бірінші кезекте тұтынушылардың сұранысын қанағаттандырамыз, дайындалатын өнімнің түсі мен формасы соған байланысты. Заманауи және экологиялық талаптарға сәйкес болуы біздің өнімдеріміздің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, одан әрі дамуымызға мүмкіндік береді, - дейді В.Стрельцов.

Бүгінгі күні кәсіпорында 40 адам еңбек етеді. Олардың орташа айлық жалақысы 150 мың теңге шамасында. Мұндағы қызметкерлер коронавирус инфекциясына қарсы екпені алғашқылардың бірі болып салғызған. Бұл өз қауіпсіздігіміз үшін қажет дейді олар.

Алдағы жоспарлары туралы айта келе кәсіпорын басшысы:

- Жаңа технологиялардың көмегімен өндіріс көлемін арттырып, нарықтағы позициямызды нықтай түссек дейміз. Қаланың өндірістік секторын дамыту үшін жас мамандарды тартуға ниеттіміз. Мемлекет жасаған жағдайдың арқасында кәсіпкерлер өз ісін ашып, қалаған салада бизнесін жүргізуге мүмкіндігі бар. Бұл табысыңды арттыруға ғана емес,  кәсіби жағынан өсуге, өз-өзіңді жетілдіруге ықпал етеді. Бұл ел тәуелсіздігінің ең үлкен жетістіктерінің бірі деп есептеймін, - деді Владимир Стрельцов.

Атап өтсек, Алматы облысында өткен 8 айда қысқа мерзімді экономикалық индикатор 110,4 процентті құрады. Өңір экономикасына 370 млрд. теңге инвестиция тартылып, өсім 2,3 % құрады. Соның ішінде өңдеу секторы – 40,5 млрд. теңге немесе 124,5 %. Өнеркәсіп өсімінің көлемі – 13,8%, ауыл шаруашылығында – 1,1%, саудада – 20,5%, құрылыста – 16,6% жеткен.

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі. 

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.