Білімді ұлт – тұрақты даму кепілі

Республикалық тамыз конференциясының пленарлық сессиясында ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін мектепке дейінгі білім берудің жаңа моделі жаңа оқу жылынан басталатынын атап өтті.
Жаңа оқу жылындағы жаңалықтардың бірі – «Әліппе» және «Букварь» оқулықтарының мектеп бағдарламасына қайта оралуы. 1 қыркүйекте мектеп табалдырығын алғаш аттағалы отырған барлық – 458 1 сынып оқушылары алғашқы оқулықтарын алады.
Жыл сайын оқушылар саны артып келеді, 2017 жылы оқушылар саны – 4066 болса, 2021 жылы 4655 оқушы оқу жылын аяқтады.
Балалардың қауіпсіздігін қамту мақсатында білім беру мекемелерінде барлығы 460 бейнебақылау камерасы, №1, №2, №7 орта мектептерде турникет орнатылды. Қыркүйек айында қалған мектептерге турникет орнату және мамандандырылған күзет қызметі құрылып енгізілу жоспарлануда.
Бүгінгі таңда алдыға орта білім беру саласындағы басты проблемалық мәселенің бірі – қашықтықтан оқыту барысында оқушылардың білімдеріндегі олқылықтарды жою және толтыру. Бұл проблеманы шешу үшін, ең алдымен, оқу-тәрбие процесін, мектепішілік бақылауды тиімді ұйымдастыру. Яғни, білім сапасына, білім берудегі олқылықтарға талдау жасау, мониторинг жүргізіп отыру.
Осыған орай, білім алушылар үшін ата-аналарының өтініші бойынша оқыту сапасын арттыру және шектеу шаралары кезеңінде білімдегі жіберілген олқылықтардың орнын толтыру мақсатында жазғы мектеп ұйымдастырылды.
Жазғы мектептің жұмыс істеуі кезінде санитарлық қауіпсіздік шаралары: маскалық режим, қолды жиі жуу және антисептикалық заттармен өңдеу, кабинеттерді желдету, кварцтау, сонымен қатар, бір сынып – бір кабинет жүйесі сақталды. Жазғы мектепте барлығы 1127 оқушы қамтылды. Бұл жұмыс алдыңғы оқу жылында да атқарылатын болады.
2021 жылғы 111 түлек алғаш рет ҰБТ-ны екі рет тапсыруға мүмкіндік алып, жақсы нәтижесімен 81 түлек грантпен жоғарғы оқу орнына түсті.
Қазір бүкіл білім беру жүйесі үлкен жүктемені бастан кешуде және бұл бірінші кезекте мұғалімдерге қатысты. Жаңа жұмыс форматы, жаңа міндеттер, бірақ мақсат өзгеріссіз қалды – отандық білім берудің табыстылығы мен сапасын сақтау және арттыру мақсатында дамыған бәсекелестікті қамтамасыз етуде әлеуметтік жауапты тұлға тәрбиелеу. Осыған орай бүгінде педагогикалық қызметке жаңа талаптар пайда болуда.
Қабылданған «Педагог мәртебесі туралы» Заң жүзеге асырылып келеді, педагогтардың еңбек жағдайлары жақсартылып, еңбекақысы артты.
Текелі қаласындағы жалпы орта білім беретін мекемелерде барлығы 449 педагог маман жұмыс атқаруда. Олардың 95-і жоғарғы санатты, 101-і бірінші санатты, 124-і – ІІ санатты болса, жаңа форматта аттестациялаудан өткен «шебер-педагог» – 4, «педагог-зерттеушілер» – 86, «педагог-сарапшылар» – 92, «педагог-модераторлар» – 79,
Педагогтар кәсіби біліктілігін шыңдай отырып әртүрлі байқау-ларда жақсы жетістіктерге де жетуде. Атап айтсақ:
Қашықтықтан оқыту жағдайында белсенділік танытып, облыс көлемінде іс-тәжірибесімен бөліскені үшін Алматы облыстық білім беруді дамыту оқу әдістемелік орталығының Алғыс хатымен 8 педагог марапатталды.
Республикалық «Өрлеу» біліктілігін арттыру институы ұйымдастырған бейне сабақтар байқауында №5 ОМ алғашқы әскери пәнінің мұғалімі Қ.Рама-занның онлайн сабағы республикадан ІІІ орынға ие болды.
Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған «Ұлы даланың ұлы тұлғасы – Абай» атты республика көлеміндегі қашықтық байқауға 14 ұстаз қатысып, жүлделі орындарға ие болды.
Республикалық «Үздік авторлық бағдарлама» байқауында І орынды – №1 ОМ география пәні мұғалімі Б.Молбаев алса, ІІІ орынды №3 балабақша тәрбиешісі Ю.Цугланова иеленді.
Облыстық Бейсен Құранбек олимпиадасынан №5 ОМ
мұғалімі Исаева Ж. бас жүлде алды.
Республикалық «Үздік оnline Mektep-2020» байқауында №4 ОМ жүлдегер атанып, BilimBook интерактивті панеліне ие болды.
Облыстық мектепке дейінгі мекемелердің меңгерушілері аралығында «Табысты басшы» байқауында №3 балабақша меңгерушісі Э.А.Жақсыбекова І орын иеленді.
Облыстық мектепке дейінгі мекемелер арасындағы «Заманауи сабақ» байқауында №2 балабақша тәрбиешісі Б.Сар-сембаева І орын алды.
Алматы облысының «Жетісу дарыны» оқу-әдістемелік орталығы 2020 жылдың 28 қыр-күйек – 8 қазан аралығында гуманитарлық пән мұғалімдері арасындағы облыстық қашықтық олимпиадасын өткізді.
Жүлделі орын иеленген педагогтар тізімі:
Ж.Жансұлтанова, орыс тілі мен әдебиеті (орыс сыныпта) №1 ОМ ІІІ орын, М.Қарабалинова, ағылшын тілі, №3 ОМ ІІІ орын, Э.Иманбердиева, орыс тілі мен әдебиеті (қазақ сыныпта), №5 орта мектеп І орын, Г.Ерменбетова, орыс тілі мен әдебиеті (қазақ сыныпта) №4 ОМ ІІ орын, Н.Тектібаева, орыс тілі мен әдебиеті (қазақ сыныпта) №5 орта мектеп ІІІ орын.
Дәстүрлі қалалық «Жыл мұға-лімі-2021» байқауында №4 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Г.Өтепова бас жүлдені жеңіп алды.
«Үздік бастауыш сынып мұғалімі-2021» байқауының қорытындысы бойынша бас жүлдені №3 орта мектеп мұғалімі Н.Жетпісбай иеленсе, тәрбие жүйесінде инновациялық және шығармашылық идеяларын көрсету мақсатында «Үздік сынып жетекшісі-2021» байқауында №5 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ж.Ералиева І орынды алып, облысқа жолдама алды. Қалалық «Жас маман-2021» байқауының жеңімпазы №8 орта мектеп-тің география пәні мұғалімі Ө.Қабылғазы жеңіп алды.
Текелі қаласының қосымша білім беру мекемелерінің қызметіндегі басты міндеті – оқушылардың қосымша білімдері мен дағдыларын алу емес, ең алдымен жас ұрпақты тәрбиелеу.
Өндірістің дамуы, ғылым және техника саласындағы жетістіктерді арттыру тек балалар мен жастардың шығармашылық техникалық қабілеттерін ерте дамыту, дарынды балаларды анықтау, олардың шығармашылық еңбегіне қажетті жағдай жасау арқылы мүмкін. Осы мақсатта жыл сайын өткізіліп тұратын байқаулар мен көрмелерге оқушылар қатысып, Балалар шығармашылық орталығы бойынша халықаралық, республикалық, облыстық байқаулардан көп-теген жүлделі орындарға ие болды.
Әлемді жайлаған коронавирус кеселінің кесірінен екі жылға жуық оқушылар мен студенттер денсаулығы мен амандығын сақтау үшін қашықтан білім алуға мәжбүр болған еді.
Биыл барлық білім беру меке-мелері есіктерін айқара ашып, білім нәрімен сусындауға келген Отанымыздың жас өрендерін құшақ жая қарсы алады.
Мектеп – тәлім-тәрбие ортасы болса, оның жүрегі – мұғалім. «Ұстазсыз шәкірт тұл, шәкіртсіз ұстаз тұл» деп тегін айтылмаса керек.
Білім сапасын арттырудағы ұстаздардың игі бастамаларына педагогикалық ізденіс, жаңа серпін, шығармашылық шабыт тілеймін. Жас ұрпақты тәрбиелеу жолындағы қажырлы, өлшеусіз еңбектеріңіз жемісті болсын, қадірлі әріптестер! Биылғы оқу жылы баршаңызға сәтті, табысты болғай. Жаңа оқу жылы жаңа жетістіктерге жетелесін!
Ардақ ДҮКЕНОВА, қалалық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы (тамыз кеңесіне арналған баяндамасынан үзінді)