Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі

Жақында №4 орта мектебінің ұйымдастырумен қалалық «Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі» атты жоғарғы сынып оқушыларының арасында қашықтық форматында дөңгелек үстел өтті. Дөңгелек үстелдің мақсаты – қазақ қызының бойынан рухани адамгершілік, әдептілік, сыпайылық, имандылық, тазалық сынды қасиеттерді дамыту болды.
Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі

Іс-шараның тізгінін осы мектептің қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Гүлмира Өтепова  ұстады.  Эфирге барлық оқушылар, ұстаздар, қонақтар қатысты. Спикерлер ретінде «Қазақстан» телеарнасының жүргізушісі Баян Бақкелдіқызы, «Жетісу» телеарнасының тілшісі Салтанат Сайранқызы,  «Талдыкорған» орталық мешітінің ұстазы, педагог-психологы Гүлжан Мұратқызы қатысты. Дөңгелек үстелдің беташар сөзін айтқан мектеп директоры М.Бюринаға қыз бала тәрбиесіне мән берудің маңызына тоқталып, дөңгелек үстелде ой салатын, санаға сәуле түсіретін нәрселердің айтылатына сенім білдірді. 

Осыдан соң спикерлер өз ойларын қазіргі қоғамды ойландыратын, соның ішінде қазақ қызының тәрбиесіне мән беретін орта құрып, қазақ қызының тәрбиелі болуына бағытталды.

Заман талабына сай қыз бала өзін қалай ұстауы керек, «қызға қырық үйден тыйым» ұстанымын бүгінгі жағдаймен қалай үйлестіру, қыз баланың дініміздегі қағидаларға сай сәнді, жарасымды киім үлгісін таңдай білуінің маңыздылығы, қыз баланың ибалы әрі білімді, өнерлі болуының қажеттілігі мен соған тәрбиелеудің жолдары жайында баяндады, тарихта өткен ақылды аналарымыз бен батыр қыздарымыздың өмірі ұстанымы, олардың атының бүгінге жетуінің себебі жайында айтылды. 

Спикерлердің сөзінен кейін онлайн режимде түрлі сұрақтар қойылды. қойылған сұрақтарға спикерлер нақты мысалдармен тұщымды жауап берді. 

Отырыс соңында 11-сынып оқушысы, қазақ қыздарымен құрбы болған, өзге ұлт өкілі, ортасының көркі болған Ангелина Терлецкая қазақы тәрбие алғанын мақтан тұтатынын айтып, шара қонақтарын өзіне баурады.

Дөңгелек үстел өз дәрежесінде өтіп, қонақтар  ризашылығын білдірді, осындай тәрбиелік мәні зор тақырыптарды оқушылар ортасында жиі-жиі көтеріп, олардың ұлттық болмысын қалыптастырудың өзектілігін алға тартты.  Індет кезінде де өзінің тұғырынан түспеген бұл мәселе әр кезде де құнды бола беретін жеткізді.

Бүгінгі қыз – ертең бір әулеттің оң жағын қызартып, отау тігетін келіні. Желегі желбіреген сол келін өмірге ұрпақ әкеліп, ақ жаулықты ана атанады. Ал аналар – елдің тәрбиешісі, ұлттың бел омырт-қасы, берекенің бесігі.

Іргетасы мықты соғылған үйдің ұзаққа шыдайтыны секілді, жақсы тәрбиенің қаймағын қалқып ішкен қыздан көрегенді келін, білікті ана шығады. Әйел-аналар өнегелі болса, елдің көсегесі көгеріп, керегесі кең жайылады. Төрт қанаты түгел, отының басы бүтін болады. Парасатты ананың тіккен шыбығынан бәйтерек өсіп, арғы ұрпағына саясын түсіреді. Қыз баланың ақылды да инабатты, өнерлі де өнегелі болып толысуына ата-анамен бірге ағайын-туған, ауыл-аймағы, мектеп пен қоғам жауапты.

Айгерім Бексұлтанова, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары

 

 

 

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.