Білім беру – басты міндетіміз

Білім басы – бейнет, соңы – зейнет. Халық мақалы
Білім беру – басты міндетіміз

Қазіргі уақыт талабына сай қандай мемлекет болмасын білім мен ғылымды дамытудан, өзінің негізгі байлығы саналатын жас буынын біліммен қамтамасыз етуден кенжелеп қала алмайды. Себебі, біз өмір сүріп отырған уақыт сағат санап өзгеріп, қарыштап дамып отырған қоғам, қандай қиындықты да шешуге қауқарлы. Бәрімізге белгілі төрткүл дүниені аласапыран күйге салған жаһандық пандемияның салдары біздің елімізді де айналып өтпеді. Адамзат баласы үшін бейбіт заманда, көзге көрінбейтін «вирус» деген жауға төтеп беру, күресу ісі бірінші орынға шықты.

Еліміздің басты байлығы дені сау, кемелденген, еңбек етуге, қызмет көрсетуге жарамды адам болғандықтан, денсаулығымызды күтіп, сақтау біздің басты міндетіміз. Әлемдік пандемия біздің күнделікті өмірімізге де үлкен өзгеріс алып келді, ал денсаулық сақтау мен білім беру ісінен тез арада жаңа шешімдер мен жаңашылдықпен жұмыс істеуді талап етті. Бұл індеттің денсаулық сақтау ісіне алып келген ауырлығы өзінше бір әңгіме. Ал біздер ұстаздар үшін жас буынға білім беру ісі 2015 жылдан бастап жаңартылған бағдарламаға көшіп, білім беру әлемінде өзінше жаңашылдыққа бет бұрып болмайынша, шұғыл арада пандемия себебінен қашықтықтан білім беруді де қолға алуға тура келді. Қашықтықтан білім беру, білім саласына жаңа келген жаңалық деп айтудан да аулақпыз, тек орта білім беру орындарында қолдану көрсеткіші төмен болғаны рас. 2019-2020 оқу жылының IV тоқсанында қашықтықтан білім беруді іске асырдық. Қандай да бір қиындықтарға қарамастан мен және менің ұжымымның ұстаздары бұл істі абыроймен атқарып шықты. Мұғалім, оқушы, ата-ана болып бірлесе отырып сапалы білім беру біздің басты мақсатымыз.

Енді міне кезекті жазғы демалыстарын артқа тастап ұстаздар қауымы тағы да еліміздегі карантиндік жағдайға байланыс-ты оқушыларға қашықтықтан білім беруге қызу дайындық үстінде. Қашықтықтан білім беру әрбір ұстаздың білім қоржынына жаңа ұғымдардың, жаңа әдіс-тәсілдердің, жаңа технологиялардың, түптеп келгенде жаңаша ойдың болуын талап етіп отыр. Жаңашылдыққа жаны құмар, үздіксіз білім алудан ешқашан шаршай қоймайтын ұстаздар қауымының ерен еңбектері, білім, біліктері, табандылық пен ізденімпаздықтары бұл жолда да қандай қиындықты болмасын еңсерері анық. Бұл ретте ұстаздарға үлкен көмек көрсетіп отырған педагогтарды дайындайтын арнайы шеберлік орталықтары, атап айтсам, «Өрлеу», «Назарбаев Зияткерлік педагогикалық шеберлік орталығы», «Дарын» ғылыми орталығының қашықтықтан оқытуды ұйымдастыру бо-йынша жаңашылдықтарды үйрету, түсіндіру жұмыстары жоғары дәрежеде жүргізіліп жатыр.

27 шілде мен 1 тамыз аралығында мектеп ұжымының ұстаздары «Назарбаев Зияткер-
лік педагогикалық шеберлік орталығы» ұйымдастырған «Қашықтықтан оқытуды үйренемін» тақырыбындағы 40 сағаттық курстан өтті. Курс материалдары өте жоғары деңгейде дайындалған, әрбір ұстаздың жеке дамуына үлкен үлесін қосқаны сөзсіз. Сондай-ақ, мектебіміздің білімді ұстаздарының бірі, математика пәнінің мұғалімі Махабат Лариса Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан «Назарбаев Зияткерлік педагогикалық шеберлік орталығынан» арнайы курстан өтіп, тренер дәрежесін алып, жазғы еңбек демалысын пайдалана отырып, ауданымыздың біршама ұстаздарын «Халықаралық PISA» бағдарламасы бойынша білім беру ісі жөнінде, қашықтықтан курс өтуде. Бұл да біздің ұжымның ұстаздарының білім беру жолында қандай жағдай болса да, өзгеруге, басқаларды да өзгертуге, жас буынға жаңа заман талабына сай білім беруге қаншалықты дайын екенінің дәлелі. Қандай ұжымды болмасын алдыңғы шептен көрсететін ол – ұйымшылдық пен табанды еңбек. Қашықтықтан оқитын оқушылар үшін сапалы білім беру ісін ұйымдастыру жолында әрбір ұстаздың еңбегі ерен. Ең басты мақсат – сапалы білім беру арқылы- білімді ұрпақ тәрбиелеу. Ал сапалы білімді беретін білім мен білігі қатар ұштасқан мұғалім. Олай болса, жаңа 2020-2021 оқу жылын қашықтықтан бастасақ та, оқу жылының соңына дейін еліміздегі қиындықты бірлесе еңсеріп, жарқын күндерде алтын ұя мектебімізде, аяулы оқушылармен амандықта жүздесетін күнге біз асықпыз.

Эльмира Иманбердиева, №5 ОМ директоры, орыс тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі

Рашида Стамбекова, бастауыш сынып мұғалімі

 

 

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.