Талдықорғанда ауыр атлетикадан ел чемпионаты басталды

Бүгін Талдықорғанда ауыр атлетикадан жеке командалық ел біріншілігі салтанатты түрде басталды. Оған Қазақстанның мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова мен Алматы облысының әкімі Амандық Баталов арнайы қатысты. Зілтеміршілер бәсекесінде республикамыздың барлық өңірінен 200-ге жуық спортшы өнер көрсетіп жатыр, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Талдықорғанда ауыр атлетикадан ел чемпионаты басталды

Салтанатты шарада Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова жетісулықтардың спорттағы жетістігін жоғары бағалап, бұл салада Алматы облысы елімізде көш бастап тұрғанын тілге тиек етті.

- Қазақстан Республикасының ауыр атлетикадан жеке командалық чемпионатының ашылуымен құттықтаймын! Елбасының сарабдал саясатының арқасында еліміз небір күрделі кезеңдерден сүрінбей өтіп, Президенттің елдің даму жолын одан әрі лайықты жалғастыруының арқасында басқа салалармен бірге спорттың да даму деңгейі артуда. Спорт – елдің басым бағыттарының бірі. Үкіметтің қолдауымен Қазақстан спорты әлемге бәскеге қабілетті деңгейімен танылды. Осы іске үлес қосып, республикалық шараның жоғары деңгейде өтуіне қолдау көрсеткен Алматы облысының басшылығына, Ауыр атлетика федерациясына ризашылығымды білдіремін, - деді министр Ақтоты Райымқұлова.
Мұнан соң облыс әкімі Амандық Баталов облыс спортының аяқ алысына қысқаша тоқталып өтіп:
- Қазіргі кезде облыста ауыр атлетикамен айналысатындар саны күннен күнге артып келеді. Және түрлі спорттық бәсекелерде біздің спортшыларымыз намысты қолдан бермей, биіктен көрінуде. 2015 жылдан бүгінге дейін облыста 13 спорттық сауықтыру кешені салынып, іске қосылды, биыл олипиадалық жүзу бассейні пайдалануға берілді. Қазір тағы 4 спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Осындай қолдау шараларының арқасында облыс спортшыларының жетістіктері артып, бүгінгідей айтулы шаралар тұрақты өткізіліп келеді. Бұл жарысқа еліміздің түкпір-түкпірінен 200-ге жуық зілтемірші келіп отыр. Спортшыларға табыс тілеймін! – деді А. Баталов.
Жарыс Талдықорғандағы "Өркен" спорт кешенінде басталды. Оған еліміздің әр қиырынан 15 команда - 173 зілтемірші қатысып жатыр. Олар 20 түрлі салмақ дәрежесі бойынша бақ сынасады. Чемпионат 11 қарашаға дейін жалғасады.
Атап өтсек, жыл басынан бері жетісулық спортшылар түрлі деңгейде өткен жарыстардан 2 жарым мыңдай медаль жеңіп алған. Оның жартысынан астамы - алтын. Соның ішінде биылғы жылы Токиода өткен жазғы Олимпиада ойындарында ауыр атлетикадан қол жеткізген екі медальдың екеуін де жетісулық спортшылар алды.

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.