Үлгілі әулеттерге құрмет

Отанымыздың шаңырағын ұстап тұрған уықтары – еліміздегі отбасылардың береке-бірлігі бекем, бақуатты, өнегелі болса, мемлекет қай сынға да төтеп береді. Отбасы құндылықтарын дәріптеген елімізде жыл сайын «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы өткізіліп, соның нәтижесінде анықталған әр аймақта өсіп-өніп, қажырлы еңбек, білім-білігімен абырой биігінен көрінген әулеттер көпшілікке үлгі болып жүр.
Үлгілі әулеттерге құрмет

«Мерейлі отбасы» байқауының да мақсаты – ата-аналардың балаларды тәрбиелеудегі жауапкершілігін арттыру, отбасыларды кәмелетке толған балаларының күтім жасауын дәріп-теу және кеңінен насихаттау, отбасылық көркем шығармашылықты дамыту үшін қолайлы жағдай жасау, отбасылық шығармашылық байланыстарды ынталандыру, отбасылық шығармашылық саласындағы жетістіктерді көпшілікке дәріптеу, бос уақытты ұйымдастырудың жаңа түрлерін дамыту және тарату.

Аталған байқау биыл да жалғасын тапты. Жетісу облысының аудан, қалаларынан іріктеліп келген озық отбасылардың ішінен 3-орын ақсулық Кенжебаев және панфиловтық Асқаровтар отбасына бұйырды. 2-орынды  Алакөл ауданының Хиаг отбасы иеленді. Ал жеңімпаз атанған Андас әулеті енді республикалық байқауда бақ сынайды.

Кеше Жетісу жұртшылығымен жүздескен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ертең «Мерейлі отбасы» республикалық байқауы өз мәресіне жетеді. Онда бүкіл халыққа өнеге болатын үлгілі отбасылар марапатталады. Жетісулық Андастар әулетін де нағыз мерейлі отбасы деуге болады. Арғы бабаларынан мирас болған 700-ден астам жәдігерді сақтап отырған шаңырақты кәдімгі мұражай десек те артық емес. Әулеттің анасы – өңірге танымал этнограф, белгілі қолөнер шебері. Олардың ұрпақтары да ата-анасының жолын жалғап, ғылым жолын таңдаған»,– дей келіп, Андас отбасының абыз анасы Әуесхан Мажайды «Парасат» орденімен марапаттады. Әуесхан әженің құрсағынан тараған жеті баладан жиырма немере мен жиен өсіп келеді. Бұл әулет ата-бабасынан қалған жәдігерлерді бүгінгі күнге дейін көздің қарашығындай сақтап, ұрпаққа аманаттауымен, ұлттық құндылықтарды жас ұрпаққа дәріптеуімен, ұлттық өнерді, қолөнерді жаңғыртуымен ерекше. Осы отбасының мүшелері жазып, құрастырған 44 кітап жарыққа шыққан екен. Ұрпағы ақын, тарихшы, зерттеуші болған әкелері Андас Омарақынның «Тарих талғарында», «Дода», «Жылдар ізі» атты үш томдық еңбегін оқырманға ұсынды. Облыстық газеттің тілшісі Қажет Андас жазып, зерттеп-зерделеп жүрген дүниелердің өзі бір төбе.

«Мерейлі отбасы» байқауының облыстық кезеңіне қатысқан текелілік Рамазан отбасының отағасы Қайрат Мэлсұлы мен Эльмира Қадыржанқызы жас та болса біраз белесті бағындырған, екеуі де ұстаздықпен бағы жанған, әулеттің үлкені белгілі композитор Мэлс Керейбаев пен отанасы Алтынай Дәулетбекқызының өнегелі ізін жалғап, бес баласының бойына ұлттық тәлім-тәрбие дәнегін сеуіп жүрген үлгілі жұп. «Талдықорған төрінде өңіріміздің өсіп-өнген, немере-шөбере өсіріп, өмірдің сан соқпағынан өтіп, құрметке бөленіп отырған үлкен әулеттерімен қатар отырудың өзі біз үшін үлкен мәртебе болды. Бізді облыстық Ардагерлер ұйымының төрағасы Ермек Келемсейіт ақсақал, Жетісу облысы әкімінің орынбасары Рустам Әли құттықтап, жылы лебіздерін жеткізді. Алғыс хат пен ақшалай сыйлыққа да ие болдық»,– деді. Жақсыдан үлгі алатын, түтіні түзу ұшып, ошағы маздап жанатын отбасылардың қатары көбейе бергей!

Торғын ТҰРЛЫБАЕВА

 

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.