Алатаудай биік тұлға

Халқына риясыз адал қызмет еткен Алатаудай биік тұлға Дінмұхамед Қонаев туралы мемлекет және қоғам қайраткері Кеңес Аухадиев «Ұлы тұлғаның ұлағаты» атты кітапта былайша сыр шертеді.
Алатаудай биік тұлға

–Мен Алматы қаласы атқару комитетінің төрағасы қызметінде үш жыл, үш ай істедім. Осы аралықта Димекең мені өзіне жиі-жиі шақырып, телефонмен де күн сайын дерлік сөйлесіп тұрды. Мені көргісі кеп, сөйлескісі кеп тұрғандықтан емес, Алматы қаласының жағдайын тікелей қадағалап, барлық жаңалығын дер кезінде біліп тұру үшін.

Димекең Алматыны айырықша жақсы көретін, сүйетін. Күнделікті өз жұмысын астананың шаруашылығынан бастайтын. Мен күнде жұмысқа кіріскенімде, көбінесе бірінші телефонды Димекең соғатын.

– Қала не болып жатыр? Нан қалай? Ет, сүт баршылық па? Қымбаттап кеткен жоқ па? – деп, бәрін егжей-тегжейіне дейін біліп отыратын.

Алыстан әдемі көрінген тау, жақынға келіп қарағаныңда, керсінше көріксіз болып қалуы мүмкін ғой. Сол сияқты алыстан, сыртынан сүйсіне табынып жүрген кісің, әбден араласа келгенде әлдеқайда қораш, сырты қомпиғанмен, ішінде соған лайық сапа жоқ боп шы-ғуы мүмкін. Ал Димекең араласқан сайын, білген сайын өзіне тарта түсетін, сүйсінте түсетін кісі еді. Пендешілігі, ұсақ-түйек тіршіліктің алданышына бола ұсақ қылық көрсетіп қалу ол кісіде мүлдем болмайтын. Мен араласқан кездерде Димекең әбден кемелденген, өмірлік тәжірибе жинап қана қоймай, сол тәжірбиеден мақсатты ой түйген, кемеңгерлік қалыпқа түскен кісі болатын.

Кейін Алматы облыстық партия Комитетінің бірінші хатшысы, Орталық партия комитетінің бюро мүшесі боп жүргенімде де көзім жетті, Алматы қаласының бірде-бір ірі құрылысы тікелей Димекеңнің араласуынсыз шешілген емес. Барлық жаңа құры-лысты о кісі жеке-жеке қарайтын. Өзі салмақпен түсіндіретін, өзгені де салмақпен тыңдайтын.

Димекеңнің ерекше қасиеті – адамдардың аты-жөнін жақсы білетін, ұмытпайтын. Зауыттардағы цех бастық-тарын да, колхоз-совхоз басшыларының да аты-жөнін толық білетін. Алматының үлкен-кіші архитекторларын да түгел білетін. Оларға ерекше ілтипатпен, жылылықпен қарайтын. Үй-жаймен қамтамасыз етіп, жағдайларын біліп, үнемі қамқорлық жасап отыратын. Астанада салынуға тиіс айырықша ірі объектілердің жобасын жасау үшін кейде жабық, кейде ашық конкурстар жарияланатын. Сондайда жобасы қабылданбай қалған архитекторлардың да көңілін қалдырмайтын. «Сенің жобаң жарамай қалды», – деп қатты кесіп айтпайтын. Өзіне ұнаған жобаны сыпайылап қана сездіретін де: – Мынаған мыналардың жақсы жерін қосып жасаңдар. Қалған жұмыстарды тас-тамаңдар, пайдаланыңдар, – дейтін.

Қонаевтың экономиканы білуі де, басқару тәсілі де, адамгершілігі де – бәрі бірін-бірі толықтырып, о кісіні ерекше етіп көрсететін. Өмірді білген, өмірден түйген, сәтті жағдайда да, сәтсіз жағдайда да сабыр сақтай білетін адам еді. Соншалық биік қызметті атқара отырып, қызмет үшін адамдарды қудалап-қуғындамайтын. Қызметтен босатып, қаңғытып жіберу деген о кісіде болмайтын. Жұмыс болған соң оның, сөз жоқ, жүрмей жатқан жағы да болады. Сондайда адам тағдырына аса мұқият қарайтын. «Бәленшені қызметтен босату керек»,– деген ұсыныстарға ылғи: «Сендер мұның ар жағында адам тұрғанын ұмытпаңдар. Қандай себеп барын анықтаңдар»,– деп отыратын. Кінәлінің кім екенін дәл анықтауды талап ететін.

Егер ішіп-жеп қойған ештеңесі жоқ болса, ондай адамды өз қабілетіне қарай басқа қызметке орналастыруды жөн санайтын. Оның да балашағасы бар, адамдық ар-намысы бар, далада қалмасын деп айырықша тапсырып отыратын. Үлкен қызметке өз еңбегімен жетті, енді бұл жұмысты істей алмаса, онда басқа өз шамасы келетін жұмысты істесін дейтін. Аса кешірімді, кең кісі болатын.

 

 

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.