Жеңілдетілген несие

2 шілдеде Жетісу облысы Кәсіпкерлер палатасының Текелі қалалық филиалында 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында кәсіпкерлерге несие беру туралы жан-жақты ақпарат берілді.
Жеңілдетілген несие

«БанкЦентрКредит» АҚ Текелі бөлімшесінің директоры М.Каркавин кез келген жеке кәсіпкер немесе заңды тұлға банкке ешқандай кепілсіз салық органында тіркеу талонын, табыс салығы туралы декларация және жеке куәлігін ұсынып, айналасы жарты сағаттың ішінде несие рәсімдей алатынын айтты. Несие барлық құжаттары талапқа сай болғанда ғана беріледі. Оның мөлшері де табыс салығы декларациясында көрсетілген сомаға байланысты. Салықты аз төлеу үшін табысын толық көрсетпегендерге аз сома ұсынылады.

Банктен берілетін несиенің жалпы мөлшерлемесі 21 пайыз болса, кәсіпкер оның 5 пайызын ғана өтейді. Кәсіпкерлерді қолдау мақсатында қалғанын «Даму» қоры арқылы мемлекет мойнына алып отыр. Кепілсіз несиені жеке кәсіпкер 5 миллион теңгеге дейін, заңды тұлға 20 миллион теңгеге дейін алуға болады. Ескеретін жайт, жеңілдетілген несие сомасы қолма-қол берілмейді, белгілі бір өнім сататын не қызмет ұсынатын заңды тұлғаның есепшотына аударылады. Ұлттық жоба аясында келісімге келген екінші деңгейлі бірқатар банк жеңілдетілген несие беріп жатыр.

Жиын барысында, сондай-ақ, кепілдік ұсына отырып несие алудың алғышарттары түсіндірілді. Қай жағдайда да банк несие ресімдеу кезінде кәсіпкердің табысына, қарызының жоқтығына алдымен назар аударады.

Кәсіпкерлер палатасы Текелі қалалық филиалының директоры Тұрысбек Жұмаділов бизнесін кеңейту үшін жеңілдетілген несие алуға ниетті кәсіпкерлер екінші деңгейлі банктерден, «БанкЦентрКредит» АҚ Текелі бөлімшесінен және Кәсіпкерлер палатасынан жан-жақты кеңес ала алатынын айтты. Осы уақытқа дейін текелілік бес кәсіпкер ұлттық жоба аясында жеңілдетілген несиеге қол жеткізді.

Торғын ТҰРЛЫБАЕВА

 

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.