Азаматтық қоғамның айнасы

«Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» дейтін халқымыз кез келген дау-дамайдың әділ шешілуіне, бұра тартпауға, татулық пен ымыраластыққа мән берген. Осы үрдістің жалғасы ретінде 2011 жылы елімізде «Медиация туралы» заң қабылданды. Медиация – үлкенді-кішілі дау-шарларды қалтаға салмақ түсіріп, уақытты ұрлайтын сот процесіне жеткізбей шешуге мүмкіндік беретін бірегей институт. Осы саладағы ахуалды кеңірек білу үшін Медиация күні қарсаңында Текелі қаласындағы кәсіби медиатор Сәкен Жебегенұлы Бекежановты сөзге тарттық.
Азаматтық қоғамның айнасы

– Сәкен Жебегенұлы, медиация саласына сізді қай жол бастап келді?

– Мен 47 жасыма дейін ішкі істер органында қызмет істеп, зейнетке шыққан полиция майорымын. Мамандығым – заңгер. Алматыдағы Қазақ мемлекеттік заң университетінде білім алғанмын. Бойдағы білімім мен тәжірибемді халықтың пайдасына жаратсам деген тілек мені елордадағы «Халықаралық медиация орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігіне алып келді. Медиацияның қыр-сырын меңгерген соң кәсіби медиатор екенімді растайтын куәлікке ие болдым. Текелі шағын ғана қала ғой, бұрын ішкі істер қызметкері болған соң барлық тыныс-тіршілігі етене таныс, тұрғындарды да жақсы білемін. Осылайша, бес жылдан асып барады, кәсіби медиатор болып жұмыс істеп жүрмін.

– Бұл саладағы басты қағида, мақсат туралы айтсаңыз.

– Біріншіден, өзара сыйластыққа сызат түсірілмейді, бәрі құпия сақталады және   біздің ақыл-кеңес тегін. Қос тарапты да тыңдаймыз. Адамдардың мінез-құлқы, әдебі әртүрлі ғой. Біреулер айғайласады, бір-бірімен ұрсысып алады, көз жасына да ерік береді. Іштеріндегісін әбден ақтарғаннан кейін салмақты қалыппен заң аясында шешімімізді айтамыз. Көп жағдайда тараптар татуласудан артық жол жоқ екенін түсініп, мәмілеге келеді. Үй алып-сату, қарыз алу, беру, алимент төлеу сияқты әлеуметтік, отбасылық мәселелер, жол-көлік оқиғасы, еңбек даулары, кәсіпкерлікке қатысты келіспеушіліктер және жеңіл не орташа деңгейдегі қылмыстар бойынша медиация тәртібінде бітімге келуге болады. Мақсат-міндетіміз – біреуді айыптап, жазалау емес, татуластыру. Қазақстан Республикасының «Медиация туралы» заңында: «Тәуелсіз, бейтарап, істің нәтижесіне мүдделі емес, медиация тараптарының өзара келісімі бойынша таңдалған, медиаторлар тізіліміне қосылған және медиатордың функцияларын орындауға келісім берген жеке тұлға медиатор бола алады», – деп жазылған. Сондықтан, кез келген медиатор бейтараптылықты сақтайды, екі жақтың мүддесін тең ұстап, заң аясында ғана әрекет етеді.

– Текеліліктер медиацияға қаншалықты жүгінеді? Нақты сандарды сөйлете аласыз ба?

– Медиация залы Текелі қалалық сотының ғимаратында орналасқан. Жалпы медиация туралы бұқаралық ақпарат құралдары жиі көтеретіндіктен, тұрғындар құлағдар деуге болады.

2019 жылы 120 арыз қаралса, оның 80-і бойынша медиация келісімі жасалды. Сексеннің 22-сі қылмыстық іс, қалғаны әлеуметтік, отбасылық сипаттағы даулар болды. Медиацияда екі тарап және медиатордың көзбе-көз сөйлесуі арқылы шешім қабылданатындықтан, қашықтан онлайн тәртібімен жүргізілмейді. Сондықтан, пандемия уақытында қаралған іс аз болды. 2020 жылы – 8, 2021 жылы
11 медиация келісімін жасадық. Биыл жыл басынан 20-ға жуық іс қаралып, тараптар ымыраға келді.

– Бітімгершіліктің болашағы туралы не ойлайсыз?

– Халықаралық статистика мәліметтеріне сүйенсек, даулардың 40 пайызы медиация рәсімінде өтеді екен. бастысы, олардың 80 пайызы оң нәтиже береді. Біздің елде медиацияның өрісі енді кеңейіп келеді. Оң көзқарас, жақсы пікір көп. Сотқа түсетін арыз-шағымдардың қысқаруына ықпал еткені анық. Екі тарапты да қанағаттандырып,  екіжақты пайдалы шешімге ерікті түрде келтіретін медиация өркениеттіліктің, өренің биіктігінің белгісі дер едім. Оның азаматтық қоғамды нығайтудағы маңызы зор. Сол себепті де, бітімгершілікті, бірлікті, татулықты ту еткен саланың болашағына сеніммен қараймыз. 

Торғын ТҰРЛЫБАЕВА

 

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.