Адал әрі әділ ережеге бағынамыз

27 шілдеде қалалық әкімдікте сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, жою және жемқорлыққа қарсы мониторинг, сыбайлас жемқорлыққа ішкі талдау жасау мәселелеріне арналған келелі жиын өтті.
Адал әрі әділ ережеге бағынамыз

Мемлекет басшысы биылға халыққа Жолдауында: «Саяси трансформация бүкіл салада тамыр-таныстық пен монополияны түбірімен жойып, адал әрі әділ «ойын ережесін» қалыптастыруды көздейді. Бірақ, осы ниет пен жұмыс қарқыны жұрттың бәріне бірдей ұнай бермейтіні анық. 
Бәрін де бармақ басты, көз қыстымен шешіп үйренген адамдар бұған дейінгі артықшылықтары мен табыс көздерін жоғалтып алудан зәре-құты қалмай қорқуда. Олар біздің мемлекеттілігіміздің тұғырын шайқалту үшін дереу іске кірісті.  Тіпті, өз халқына қарсы шықты деуге болады», – деп жаңару жолындағы нақты қадамдарды қадап айтқан еді. Содан бері қоғамды шырмауықтай шырмап, қылқындырған талай істің күрмеуі шешіліп, сыбайлас жемқорлықтың қара бұлты сейіліп келе жатқандай. Десек те, арқаны кеңге салатын уақыт емес, тиянақты қадағалау, тоқтаусыз күрес керек. 
Мекеме, кәсіпорын басшылары, саяси партия, үкіметтік емес ұйымдар, этномәдени орталықтар, зиялы қауым және БАҚ өкілдері қатысқан басқосуда Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Алматы облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Тимур Сәбитұлы Темірәлиев жалпы агенттік қызметінің мақсат-міндеттеріне тоқталды, әр сала-дағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін тізіп өтті. Алматы облысы бойынша департаменттің атқарған жұмыстарын арнайы слайд арқылы тарқатып айтты. Көлікті бақылау инспекциясы, денсаулық сақтау, миграция қызметі, білім беру, «Жетісу» ӘКК, кеден, мемлекеттік сатып алу секілді салаларда жүргізілген тексеру нәтижелері, мемлекетке келтірілген шығынның қайтымы туралы дәйекті ақпарат берді.   
«Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Алматы облысы бойынша филиалының директоры Дәулет Кулумбаев аталған бірлестіктің 2020 жылдан бастап жұмыс істеп келе жатқаны, жаппай жүйелі тексерулер барысы, 
сыбайластық деректерін ашудың зама-
науи мүмкіндіктері жайлы айтты. Ол барлық әлеуметтік деңгейдегі азаматтар қоғам дертімен күресуге атсалысу қажеттігін жеткізіп, тұрғындар тарапынан айтылатын сын-ескертпелер, ұсыныстар жауапсыз қалмайтынына маңыз берді. Сонымен қатар, «Әділдік жолы» РҚБ халықтың құқықтық сауаттылығын артты-руға мән беріп, заңгер кеңесін, көмегін ұсынады. 
Жиын барасында көпшілікке сыбайлас жемқорлықтың қылмыс екенін түсіндіріп, оның жазасы түбінде болатыны, ойнақтап жүріп от басудың оңай екені, одан қаншама отбасы, бейкүнә сәбилер, бүкіл қоғам зардап шегетіні жайында бейнеролик көрсетілді. 
Қала әкімінің орынбасары Бауыржан Тұғылбаев Текеліде Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы страте-гиясын жүзеге асыру мақсатында жасалған қалалық жоспар бойынша тұрақты шаралар өтіп жатқанын жеткізіп, мемлекет пен қоғам арасындағы сенімге негізделген жаңа саяси мәдениет қалыптастырудың алғышарты азаматтардың үніне құлақ асу, халықты тыңдау, кез келген шешімді ашық та әділ қабылдау екенін айтты. Жиынға қатысушылар жергілікті жердегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес кеңесінде көтерілген мәселелер аяқсыз қалмауын сұрап, нәтижесі, қолданылған шаралар туралы мерзімді басылымға міндетті түрде ақпарат беру қажеттігі, әсіресе, ауыз су, жол, газ тарту және кәріз, су, жылыту жүйесін жаңарту секілді өзекті жұмыстарды атқаратын мердігерлердің жауапкершілігі, мемлекеттік сатып алу порталындағы кейбір талаптардың нақты жұмыста көп кедергілерге әкеліп соқтыратыны туралы, жаз уақытында істелетін жұмыстар қысқа қалып қоймауы үшін қаржы ерте бөлініп, конкурс, тендерлер мемлекеттік сатып алу порталына да жыл басында жарияланғаны жөн деген сипаттағы пікірлерін білдірді. 
Осы мемлекеттік сатып алулардың тұтас жүйесін қайта қарауды тапсырған ел Президенті Қ.Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі кеңесте: «Қазір сыбайлас жемқорлықты нақты жоюдың орнына, процесті бюрократияландыру жүріп жатқанын көріп отырмыз. Тапсырысты орындаушыны таңдауға бірнеше ай кетеді, бірақ бәрібір сапа мен адалдық жетіспейді. Қолданыста бар нормативтік сүзгілерге қарамастан, қандай тендер болсын, оны кім жеңетіні көбіне белгілі болып тұрады. Мәселен, екі жылда «Қазавтожол» техникалық қадағалау қызметі 99 сатып алу конкурсын өткізген. Олардың тең жартысын үлестікке қатысы бары айқын төрт компания жеңіп алған. Ал елімізде аккредитациядан өткен екі мыңнан астам ұйым мен сертификатталған алты мыңнан астам сарапшы бар. Сондықтан халықаралық деңгейдегі компаниялардың мемлекеттік сатып алуларға сирек қатысатынына таңғалуға болмайды,– деген болатын. Бұл жүйедегі қисынсыздықтар өңірлердегі жұмыстың да сапасы мен мерзіміне кері әсер етіп жатыр. Жұмыстың құнын тым төмен көрсету арқылы асығыс шешіммен ұтып алған мердігерлер қаладағы коммуналдық саладағы біраз жобаның жүзеге асырылуына қолбайлау болып тұрғаны да айтылды. Өз кезегінде Т.Темірәлиев көтерілген мәселелер бойынша сараптама жасалып, оңтайлы шешімі табылатынын жеткізді, қоғамға жанашырлықпен қарап, сыбайлас жемқорлықтың тәуекелдерін анықтауға әркімнің атсалысуы тиімді болатынына назар аударды.
Торғын ТҰРЛЫБАЕВА

 

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.