Лагерьде қызық көп

Оқушы балалар жазғы демалысты асыға күтіп, үш айда қыдырып та, ойнап та, қосымша білім жинап, еңбек етіп те үлгереді. Біраз бала жазғы лагерьлерде демалып, жаңа достар табады, жаңа дағдыларға бейімделіп, жеке бас жауапкершілігін мойнына алуды үйренеді.
Лагерьде қызық көп

Текелідегі «Алтын Шажа» балалар жазғы лагері бір маусымда 250 демалушыны қабылдайды. Әр маусым жеті күнге созылады. Қазір төртінші маусымда Панфилов ауданынан 119 оқушы және Талдықорған, Текелі қалаларының балалары демалып жатыр. Бұған дейінгі маусымдарда Алматы қаласының, Алматы және Жетісу облысындағы аудан, қалалардың жеткіншектері лагерь қызығына батты. «Алтын Шажа» лагерінің директоры Алияр Жұмағалиұлы: «Мұндағы балалардың дені аз қамтылған, көп балалы отбасыларының және толық, жартылай жетім қалған балалар. Бес топта бес жетекші, дене шынықтыру, спортқа баулитын маман, музыкант, екі аспаз және олардың көмекшілері, медбике және күзетші бар. Бес мезгіл тамақ беріледі. Негізінен күніне 
3 шара өткізу жоспарланған. Спорттық жарыстар, ойындар, зияткерлік сайыстар, таланттар жәрмеңкесі, лагерь ханзадасын, ханшайымын таңдау, тауға саяхат жасау, моншаға бару және тағы басқалар. Түрлі жастағы, әлеуметтік жағдайлары, мінез-құлықтары әртүрлі балалармен біздің ұжым тез тіл табысады. Бұйығылар ашылады, ортаға бейімделеді, үйден шыққан соң еркінсігісі келіп, бұлтақтайтындарды байыппен тезге саламыз. Бір аптаның ішінде лагерьге бауыр басып қалған балалар бізбен қимай қоштасады»,– деді. 
Ал «Бастау» лагерінде дәл қазір Талдықорған мен Текеліден 120 бала демалып жатыр. Бесінші маусымда бала қабылдап отырған лагерь директоры Әсел Шойбекова күнделікті көңіл көтеретін, спорттық, танымдық шаралармен бірге жеткіншектерге ағылшын тілін меңгертуге маңыз берілетінін айтты. Алты топ жетекшісінің екеуі ағылшын тілінің маманы. 
Екі лагерьде де ұялы телефондары балаларға күніне екі сағатқа қана беріледі. Сол кезде ата-ана, туыс, достарына хабарласып алады. Нағыз демалыс. Табиғаты тамылжып тұрған Текелідегі лагерьлер балаларға күшқуат, ұмытылмас әсер сыйлауда. 

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.