Заманның жаңа парағы

​7 маусымда Қазақстан Республикасының Орталық референдум комиссиясы жалпыұлттық референдум қорытындыларын ресми жариялады.
Заманның жаңа парағы

Нақты мәлімет бойынша, референдумға қатысу құқығы бар Қазақстан Республикасы азаматтарының жалпы саны – 11 734 642, дауыс беруге қатысқан азаматтардың саны – 7 985 769 немесе 68,05 процент, референдумға қойылған мәселенің оң шешімін жақтап дауыс берген азаматтардың саны – 6 163 516 немесе дауыс беруге қатысқандардың 77,18 проценті, ал референдумға қойылған мәселенің теріс ше-шімін жақтап дауыс берген азаматтардың саны – 1 490 470.

«Республикалық референдумға шығарылған «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды деп есептеледі, өйткені облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың кемінде үштен екісінде дауыс беруге қатысқан азаматтардың жартысынан астамы оң шешімді жақтап дауыс берді» деп жазылған Қазақстан Республикасының Орталық референдум комиссиясының хабарында.

Республикалық референдумда текеліліктер белсенділік танытты. Текелі қалалық аумақтық референдум комиссиясының төрағасы Н.Жылқыбаевтың айтуынша, қала бойынша сайлаушылар саны – 19615, 57 жас алғаш рет дауыс беру құқығына ие, үйде дауыс берушілер саны – 269 адам. Таңғы 07.00-ден 20.00-ге дейін жұмыс істеген 18 референдум учаскесінде 14209 текелілік тұрғын өз таңдауын жасады.

Жалпыхалықтық референдумда текелілік 93 жастағы Таскира Галяутдинқызы Гарипова әжей Қазақстанның бақуатты болашағы, ұрпақтың ашық аспаны мен бақытты өмірі үшін дауыс бергенін айтты.

1929 жылдың 8 наурызында Татарстанда дүниеге келген Таскира Гарипова тіршіліктің талай соқтықпалы, соқпақты жолынан өткен, жастық дәуренін тауқыметті соғыстың құрбаны еткен, сөйте тұра жігері жасымай еңбек етіп, кейін зейнетін көрген кейуана. «Ұлы Отан соғысы жылдарында кірпіш зауытында жұмыс істедім. Біз құйған кірпіштерді Мәскеуге, Ленинградқа жіберіп тұрды. Күн демей, түн демей еңбек еттік. Текеліге 1954 жылы көшіп келдік. Мұнда шахтерларға тамақ әзірлейтін асханада жұмыс істедім. Отағасы 31 жыл шахтада жұмыс істеген, о дүниелік болды. Алла берген ұл-қыздардан немере-шөбере сүйдік. Қазіргі заманда бәрі бар ғой. Адам баласы бар мен жоқтың қадірін білу керек. Ел аман, жұрт тыныш болсын, жаратқан таза жүріп-тұруды, тыныш ұйықтап, тату-тәтті болуды нәсіп етсін!» – деп тілеген әжей тұрғылықты мекенжайы бойынша учаскелік референдум комиссиясы мүшелерінің үйіне келіп, ілтипат білдіргеніне және өзінің де ел азаматтарымен бірге дауыс беруге қатысқанына риза.

Ал Алматыдағы Азаматтық авиация академиясының студенті Арсен Серікұлы Хамитжанов Текелі қаласындағы № 1032 референдум учаскесінде алғаш рет дауыс берді. 18 жастағы бозбала: «Мен туған қаламда алғаш рет референдумға қатысып, өз таңдауымды жасадым. Біз, жастар, ел болашағы алдындағы жауапкершілігімізді әрдайым естен шығармауымыз керек. Дәл осындай тарихи таңдауда менің де даусым ескерілгенін үлкен мәртебе санаймын»,– деді. Референдум учаскесінде оған сыйлық табысталды.

Торғын ТҰРЛЫБАЕВА

 

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.