Жаңарған Қазақстанның бетбұрысы

Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының «Ел бірлігі – жаңарған Қазақстанның тірегі» атты XXXI сессиясында басты міндет Ассамблеяның саяси жүйені реформалау ісіндегі орны мен рөлін анықтау, оны әрі қарай дамытудың бағытын белгілеу екенін атап өтті.
Жаңарған Қазақстанның бетбұрысы

Сайлау жүйесінің реформалары, «Ұлттық құрылтай» моделі, құқық қорғау қызметін күшейту турасында тарқатып айтқан Президент Қ.Тоқаев елімізде барлық салада батыл өзгерістер басталғанын айтып: «Біз жаңа мемлекеттік модельге, мемлекет пен қоғамның өзара іс-қимылының жаңа форматына көшеміз. Бұл сапалы түрде өзгеруді Екінші Республика деп атауға болады. Жұмыс тобы Ата Заңның 33 бабына түзетулер әзірледі. Бұл – тұтас Конституцияның үштен бір бөлігі. Осы өзгерістерді енгізу туралы заң жобасы Конституциялық кеңестің қарауына жіберілді, жақын арада шешімін шығарады, – деді. «Осы реформалар қолға алынған кезде Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың жобасын Парламент қарайды деп ойлаған едік. Бұл – қолданыстағы заңнамада орныққан рәсімнің бірі. Алайда, алдағы ауқымды әрі маңызды өзгерістер ел болашағына айрықша әсер етеді. Сондықтан мен Ата заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде республикалық референдум өткізуді ұсынамын. Референдум – аса маңызды демократиялық институт. Алайда Қазақстанда ол соңғы рет 1995 жылы қазіргі қолданыстағы Конституция бекітілген кезде өткізілді. Одан кейін «Республикалық референдум туралы» Конституциялық заң қабылданды. Бірақ содан бері Конституцияға төрт рет өзгертулер енгізілгеніне қарамастан, ол іс жүзінде қолданылған жоқ. Конституцияны жалпыхалықтық дауыс беру арқылы өзгерту халық қалауының айқын көрінісі болады деп есептеймін. Референдум әрбір азаматқа ел тағдырын шешуге тікелей қатысуға мүмкіндік береді және жан-жақты демократияландыру мен Жаңа Қазақстанды құру жолындағы бағытымызды нығайтады, – деген Мемлекет басшысы елдің бақуатты өмірін айқындайтын нақты фактор заң, әділдік және тәртіп екеніне маңыз берді.

Сессия барысында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің кафедра меңгерушісі Наталья Калашникова, «Қазақстан корейлері қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Сергей Огай, «Халықаралық қазақ тілі қоғамы» қоғамдық бірлестігінің вице-президенті Максим Рожин, саяси шолушы Никита Шаталов, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры Дихан Қамзабекұлы, «Азаттық Рухы» агенттігінің тілшісі Надежда Палинка, «Ахыска» түрік этномәдени орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Нұр-Сұлтан қалалық бөлімінің төрағасы Әскер Пириев және музыкант, блогер Алексей Лодочников пікірлерін ортаға салды. Әсіресе, М.Рожиннің сөзі нысанаға дөп тиіп, бұқараның көңілінен шықты: «Бүгінде елімізде мемлекет тарапынан кез келген этносқа өзінің тілін, мәдениетін білуге барлық жағдай жасалған. Оның бір дәлелі, елімізде орыс, өзбек, ағылшын, неміс тілдерінде жұмыс істейтін орта мектептер бар. Әлемде мемлекеттік бюджет қаржысынан балаларды туған тілінде оқытуға ақша бөлетін елдер саусақпен санарлық шығар. Сондықтан, мен шетелдік саясаткерлердің Қазақстанда орыс тіліне және өзге де тілдерге қатысты алаңдаушылық бар деген уәждерін наразылықпен қабылдаймын. Мен тегі орыс қазақстандық ретінде ондай репликаларға жол жоқ деп есептеймін». Жаңа Қазақстан осындай шындыққа тіке қарайтын азаматтармен батыл қадам жасамақ.

Торғын ТҰРЛЫБАЕВА

 

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.