Қаламен құрдас басылым

Қаламен түйдей құрдас жергілікті газеттің де биыл 70 жылдық мерейтойы. 1952 жылы 1 мамырда алғашқы нөмірі жарыққа шығып, осы уақытқа дейін оқырманымен үздіксіз қауышып келе жатқан мерзімді басылымның атауы бірнеше мәрте өзгертілді. «Горняк», «Текелийский рабочий», 2010 жылдан «Текелі тынысы» деген атаумен жаңалықтың жаршысы болып жүр. Қаланың іргетасы қаланған уақыттан бергі бүкіл тыныс-тіршілігі, даму деңгейі, ыстығы мен суығы, қиындығы мен қызығы, жалпы тарихы осы газет бетінде қатталып, сақталып келеді.
Қаламен құрдас басылым

Газеттің ескі жылдардағы сарғайған парақтары өткен уақыттың тіршілік ауанын көз алдыңызға келтіреді. Мұнда өркендеген өндірістің лебі де, қала мәртебесін алғаннан кейін жарыса бой көтерген көп қабатты тұрғын үйлер мен ғимараттардың легі де, тұрғындардың өнегелі өмірі мен еңбек жолы да, жетістігі мен кемшілігі де табылады. Қаланың қоғамдық, саяси, әлеуметтік, экономикалық ахуалының айнасы іспетті газет бетінде мерейі өскен абыройлы да, сын тұзағына түскен тұрпайылау да текеліліктердің аты-жөндері көптеп кездеседі. Ертеректе маңызды болып саналған кейбір жайттарды бүгінгі күні тілге тиек етудің өзі ыңғайсыз болатыны бар. Сарғайған тігінділерді парақтап отырып, неше алуан ойға берілесің, бірде езу тартсаң, бірде күрсінесің. Өйткені, онда өмір бар.

Қалай болғанда да, қалалық газет халықтың көзі, құлағы һәм тілі болуға талпынып, бұқараның тура жолдан адаспауы үшін жол нұсқап жарық көріп келеді. Тіпті, өндіріс тоқтап, жұмыссыздық жайлаған қиын жылдарда да Текелі туған газетінің өрісін тарылтқан жоқ.

Газет те апта сайын әр шаңыраққа үміт пен сенім сәулесін тарата білді. Газеттің алғашқы редакторы Павел Тимофеевич Баранов салып кеткен бедерлі жолды әр жылдарда редакцияда қызмет еткен мамандар абыроймен жалғастырды.

46 жыл тек орыс тілінде шығып тұрған газет 1998 жылдан бастап қазақша мақалалармен айшықтала түсті. Содан бері ширек ғасырға жуық уақыт өтіпті. Ал газеттің атауы қазақшаланып, «Текелі тынысы» болғанына да бір мүшел жақындап қалды. Білікті журналист Шора Батырбаев негіз салған сан тақырыптағы қазақ тілді мақалаларды әр жылдарда М.Қамашбаев, Н.Қалығұлова, Н.Шоханова, С.Әйтенова, С.Қасымбеков, Ә.Иебекова, А.Ырымжанұлы және тағы басқа тілшілер оқырманға жеткізді.

Төл газетіміздің мерейтойы қарсаңында ардагер журналист Ш.Батырбаевтың тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Текелі қаласындағы ақпарат саласының тарихы кестеленген естелігін жариялап отырмыз.

 

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.