ҚАЗАҚ ТІЛІНЕ ЖОЛ АШҚАН ГАЗЕТТІҢ АЛҒАШҚЫ САНЫ қашан және қалай жарық көрді?

Көксу (бұрынғы Киров) аудандық «Еңбек туы» газетінде ұзақ жыл еңбек еткеннен кейін 1989 жылдың ақпан айында Текелі қалалық телерадио хабарын тарату редакциясы ашылуына байланысты қазақ тілі бөліміне редактор қызметіне ауысқан едім. Орыс тіліндегі хабарды әріптесім Татьяна Чеканова жүргізетін. Аптасына 15 минуттан үш рет эфирге шығатынбыз. Сол кездегі ақпарат бойынша кеншілер қаласында тұратын қырық мыңға жуық халықтың 15 пайыздайын ғана қандастарымыз құрайды екен. Оның ішінде, солардың жартысынан астамы ғана қазақ тілін меңгергендігі белгілі болды. Сол кезде тіптен, қазақ тілінде сұхбатты дұрыстап бере алатын мемлекеттік қызметкердің өздері саусақпен санап аларлықтай болған.
ҚАЗАҚ ТІЛІНЕ ЖОЛ АШҚАН ГАЗЕТТІҢ АЛҒАШҚЫ САНЫ қашан және қалай жарық көрді?

Кеңес Одағы тарап, тоқырау кезеңі туғанда, қаржы тапшылығына байланысты 1992 жылы біздің радио редакциясы да жабылып қалды. Содан осы қаланың іскер азаматтарының бірі Константин Нестеровтің бастамасымен қалалық телерадио компаниясын ашып, сонда қазақ тілінде  хабар жүргізетін редактор қызметін атқардым. Қазақ тілінің жанашыры Мәкен Нұрбайқызы Шалқыбекова да осы компания арқылы қазақ тілінде мазмұнды хабарлар ұйымдастырып, туған тілімізді насихаттауға көп үлесін қосты.

Кеншілер қаласында «Текелийский рабочий» деген атпен қалалық газет аптасына бір рет шығып тұрды. Оның редакторы Вера Алексеевна Шведова болатын. БАҚ өкілдері ретінде жиналыстарда жиі кездесуімізге байланысты Вера Алексеевнамен жақсы танысып кеттім. Кейіннен осы газетке қалада өткен әртүрлі спорттық жарыстар туралы орыс тілінде мақалалар жазып жүрдім.

1998 жылдың қаңтар айында сол кездегі қала әкімінің орынбасары, өкінішке орай, екі жыл бұрын марқұм болып кеткен, Гүлжиян Мағданқызы Сүлейменова мені, баспахана директоры Санат Шахарбекұлы Зайытбековті шақырып алып, қалалық газетті екі тілде шығару туралы ұсыныс білдіріп, ол үшін қандай мәселелерді шешу керектігін сұрады. Бір аптадан кейін екеуміз қайтадан Г.Сүлейменоваға барып, қандай мәселелерді шешу қажеттігін ортаға салдық. Баспахананы тақырыптарды қолмен теретін қазақ қаріптерімен, көркемдеп, өрнектейтін түрлі сызбалармен, қазақ тілінде линотиптерге салатын матрицалармен және де түрлі-түсті бояулармен қамтамасыз ету жайлы негізгі салмақ Санатқа жүктелді. Ал менің міндетім қазақ тілінде шығатын газеттің алғашқы қосымша бетіне мазмұнды мақалалар жазатын авторларды тауып, тарту, жалпы тартымды да қызықты материалдармен қосымша бетті оқырмандарға ұсыну болды. Гүлжиян Мағданқызы бәрі дайын болса қаржылай жағынан көмек мәселесін шешуді өз мойнына алатынын айтты және де осы бастама жайлы әзірше ешкімге тіс жармау керектігін ескертті.

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей, Санат Зайытбеков жас та болса пысық әрі іскер жан еді. Сол кезде біздің облысымыздан табылмаған баспаханаға қажетті дүниелерді іздестіріп жүріп, Алматыдан, Шымкенттен және Қызылордадан тауып әкелді. Мен де қазақша қалам тербететін қалалықтарды суыртпақтам тарта бастадым. Сол кезде газеттің алғашқы белсенді авторлары ретінде облысымызға танымал ақын әрі жазушы Қыдыр Байдүйсенұлы, белгілі қаламгер Әбіжан Омарқұлұлы, тіл жанашыры Мәкен Нұрбайқызы Шалқыбекова, Нағима Смағұлқызы Ботантаева және тағы басқалары үн қатты.

Санат қазақ тілінде линотипте жұмыс істейтін маман ретінде Ақылдас деген қарындасымызды біраз уақыт облыстық баспаханаға тәжірибе алмасуға жіберіп, үйретіп әкелді. Сосын бәрі сақадай сай дайын болған кезде Вера Алексеевна Шведоваға да барлық мән-жайды түсіндіріп, газеттің екі тілде  шығатынын Г.Сүлейменованың өзі жеткізді.

Cөйтіп, 1998 жылдың 22 наурызында Текелі қаласында тұңғыш рет аралас газет жарыққа шықты. Бұл жайында мерекенің ашылу рәсімінде Гүлжиян Мағдан-қызының өзі көпшіліктен сүйінші сұрап, қала тарихындағы тағы бір жайдарман жаңалықты жариялады. Содан соң жасыл бояумен көмкеріліп басылған қалалық газетті Наурыз мейрамын тойлау салтанатында ұлттық киім киген салт атты жеткіншектер қоржынға салып алып, жұртшылыққа таратты. Наурыз тойындағы бұл тосын сыйды жиналған жұртшылық ыстық ықыласпен қабылдап, өздерінің жылы лебіздерін білдіріп, алғыстарын жаудырып жатты. Міне, осылайша, Гүлжиян Мағданқызының бастамасы баянды болып, кеншілер қаласының қалалық газеті екі тілде шыға бастады. Дәл сол күнгі қуанышты сәт менің есімде мәңгілік жатталып қалды. Кейіннен мен осы газетке редактор болып тағайындалғаннан кейін қазақ тілінде шығатын мақалалар үлесін де арттыра түстік. Кеншілер қаласында жиырма жылдан астам еңбек еткендіктен, мен қалалық газетті тұрақты оқырманы ретінде қызыға оқитынмын.

Ал газеттің нағыз ұлттық нақышқа ие болып, мемлекеттік тілде басылатын материалдары басым болып, атауының да «Текелі тынысына» өзгеруі көп жылдар бойы ыстығына күйіп, суығына тоңып, газетті алға сүйреп жүрген қазіргі редакторы, қарымды қаламгер, білікті журналист Торғын Тұрлыбаева қарындасымыздың еншісіне тиіп отыр.

Қаланың құрылуымен түйдей құрдас «Текелі тынысына» тынысы тарылмай, алдағы уақытта да мазмұнды мақалаларымен оқырмандарын қуанта беруіне шын жүректен тілектеспін!

Шора БАТЫРБАЕВ, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

 

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.