Қандастармен кездесу

19 сәуірде Алматы облыстық мәслихатының депутаттары Текеліге көшіп келіп, қаланың тіршілік тынысына сіңісті болып кеткен бір топ қандастармен кездесіп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауындағы басым бағыттарды таразылады, қазіргі жағдайдағы бар мен жоқты саралады.
Қандастармен кездесу

Жиын тізгінін ұстаған Текелі қаласы әкімінің орынбасары Сері Болысбайұлы және Қазақстан Халық партиясы облыстық филиалының төрайымы, Алматы облыстық мәслихатының депутаты Сәуле Биғарова, облыстық мәслихат депатуты Жанар Нұрмұханова жаңару мен жаңғыру жолына түскен елімізде қолға алынған қоғамдық-саяси өзгерістер, іргелі шешімдер, халық арасындағы татулық пен бірлікті сақтаудағы әр азаматтың жауапкершілігі, елжандылық, еңбекқорлық және заң аясында әрекет ету, әділдіктен таймау турасында ой өрбітті. Кездесуге келген азаматтар да өз ұсыныс-пікірлерін ортаға салды, шешімін таппай жүрген сұрақтарын қойып, тиісті жауап алды. Қандастардың көтерген мәселелері негізінен әлеуметтік, қаржылық түйткілдерді қамтыды.

Текеліде бұрын жұмыс істеп тұрған жүйке жүйесінде ауытқушылығы бар жандар жатып емделетін аурухананың жабылғанына наразылық білдірген тұрғын осындай дертке шалдыққан бір жігіттің жақында қайғылы жағдайға душар болғанын айтып өтті. Қала әкімінің орынбасары аталған аурухана ғимараты қалалық аурухананың теңгерімінде және қазір ол жерде жедел жәрдем, мобильді топ пен күндізгі стационар қызметі көрсетіліп жатқанын жеткізіп, тұрғындар талабы республикалық деңгейдегі органдарға жолданатынын айтты. Сонымен қатар, пандемия кезінде тұсалып қалған кәсіпті дөңгелетіп жіберу үшін банктен несие ресімдеудің машақаты, кәсіп жүргізу үшін сатып алған ғимаратты заңдастырып, тіркеудің қиындығы, баспана, жер кезегіне тұру, мемлекеттен грант алу, зейнетақы тағайындағанда бұрын тұрып, қызмет еткен елдегі еңбек өтілін есепке алу секілді мәселелерді көтеріп, қолдау күткен азаматтарға жол нұсқалды, сауалдарға тиісті мекеме басшылары жауап беріп, жекелей назарға алды. Жиын соңында қандастардың кез келген мәселе туындаған жағдайда жергілікті әкімдікке келіп, мамандардың ақыл-кеңесіне, қызметіне жүгіну қажет екені еске салынды.

Торғын ТҰРЛЫБАЕВА

 

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.