Ризашылық жүректен ақтарылады

Кең-байтақ даланы мекен еткен қазақ халқының пейілі мен мінезі де сол даласындай дархан. Қаншама этнос өкілін бауырына басқан қазақ халқына осы топырақта ұрпақ өрбітіп, тіршілік етіп келе жатқан жандардың ризашылығы шексіз.
Ризашылық жүректен ақтарылады

Қазір Қазақстанда жүзден аса ұлт өкілі тұрса, олардың барлығы бірлік пен берекенің бағасын біледі деп айта аламын. Өйткені, олар, нақтылай айтсақ, олардың ата-аналары, заманның қыспағына ілігіп, тағдырдың жазуына көніп, атажұрттарын тастап, қазақ еліне келіп, қазақтың жомарт пейілінің, бауырмалдығының арқасында аман қалған. Осыны ертеңгі ұрпақ жадында ұстауы керек. Өткенін білген, тарихын анық таныған жұрт ешқашан ұтылмайды. Ол үшін өткен ғасырдың басындағы тұтас этностардың депортациялануы туралы газет-журналдарда, сайт-тарда жазып, кинофильмдер көрсетіліп тұрғаны дұрыс деп ойлаймын. Түрлі этнос өкілдерін вагондармен ашық далаға әкеліп тастап, оларды құртуды көзде-гендердің жаман ойлары қазақтың арқасында іске аспай қалды. Өздері қалт-құлт күн кешіп отырса да, барымен бөлісті, жарты нанды бөліп жеді, қара суды қанағат деп ішті.

Хатқа түскен есептеулерге сүйенсек, XX ғасырдың басында Қазақстанға Беларусь, Ресей және Украинадан 1,1 миллион адам қоныс аударған, ал 1930 жылдары ұжымдастыру барысында 250 мың шаруа жер аударылып, тағы 1,2 миллионға тарта адам өнеркәсіп нысандарын тұрғызуға келген. Олардың бәрі Қазақстанда орнығып, қиын кезеңдерді қазақ халқымен бірге еңсерді. Қазақ елі тәуелсіздік алғалы осында тұрақтаған этнос өкілдері өз орталықтарын құрып, тілдерін, дәстүрлерін дәріптеп келеді. Береке-бірлігі жарасқан елде өмір сүріп жатырмыз. Соны бағалауымыз керек. Мемлекет бірде-бір этносты бөліп-жармайды, қорғайды. Сондықтан, елдің заңын қадірлеуге, мемлекеттік тілде сөйлеуге тиіспіз. Кешегі қаңтар дүрбелеңінде бәрі-міз жанымызды шүберекке түйіп, алаңдадық. Тыныштықтың, бірліктің құнын түсіне түстік деп білемін. Көңілдегі алаң сейіліп, көктемге де аяқ басқалы тұрмыз. Наурыздың алғашқы күні ізгілікке толы мереке Алғыс айту күні аталып өтеді. Бұл күнгі алғыс қазақ халқына арналады. Олардың кең пейілі мен жомарттығына, бауырмалдығы мен мейірімділігіне ризашылық білдіру арқылы ынтымағымыз одан әрі беки түсетініне сенемін.

Мен татар ұлтының қызымын. Қазақпен туыстас ұлт болғандықтан, тіліміз де, салт-дәстүріміз де ұқсас. Қазақтармен көрші тұрдық. Әке-шешеміз қазақша сөйлеп, қазақтың жөн-жоралғыларын жақсы білетін. Жаңадан қоныс аударғандарды ерулікке шақырып, қонақжайлылық көрсететін. Жыл сайын наурыз көже пісіріп, көршілерді шақырып, думандатып отыратын. Тіпті, бізді кейбіреулер қазақ деп ойлайтын. Осы ізді біз жалғастырсақ, бізден кейінгі буын да береке-бірлікті сақтайтыны анық.

Уақыт өтіп, ұрпақ алмасып жатыр. Бірақ, тарих санада жаңғырып тұрады. Аш кезде жеген құйқаның тәтті дәмі таңдайға келгенде, жақ-сылық жасаған халыққа деген шексіз алғыс, ризашылық жүректен ақтарылады.

Ильмира МАДЖИТОВА, татар-башқұрт этноорталығының мүшесі

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.