Басты мақсат – бітімгершілік

Медиация – дауды бітімгершілікпен шешу тәсілі. Бұл тұрғыда қол жеткізілген табыстар баршылық. Іс барысында медиатордың тәуелсіздігі мен бейтараптылығы үлкен рөлге ие. Медиация дауласушы тараптардың арасындағы қарым-қатынасты анықтау үшін емес, дауласушы тарапты бітімге келтіру үшін қызмет етеді. Медиация барысында тараптар өз қалауы бойынша материалдық немесе процессуалдық құқықтарын иеленуге, талаптар мөлшерін ұлғайтуға, азайтуға немесе даушардан бас тартуға құқылы.
Басты мақсат – бітімгершілік

Медиатордың қызметін кәсіби негізде кәсіпқой медиатор, ал кәсіби емес негізде қоғамдық медиатор жүзеге асырады. Медиация тараптардың өзара келісімі бойынша қолданылады. Негізінен азаматтық істерге қолданылатын медиацияның көздеген мақсаты – тараптардың талаптарын қанағаттандырып, ортақ, екі жаққа тиімді мәмілеге келтіру. Кез келген шағымда, арызда, талап-арызда талас болады, сол таласты шешу барысында тараптарды бітімгершілікке шақыруды көздейтін заңның тұғыры күн өткен сайын бекіп келеді. Жаңадан қабылданған ҚР Азаматтық процестік кодексінде медиация, бітімгершілікке келу, татуласу сынды институттар кеңінен қолданылған. Жаңа кодексте егер белгілі бір істердің санаты үшін заңдар және шарттар бойынша талап қою немесе өзге де сотқа дейінгі реттеу тәртібі көзделсе, онда тек осы талап сақталған жағдайда ғана сотқа жүгінуге болатыны да баяндалған. Бұл жобада азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшін сот ісін жүргізуде бітістіру рәсімдерін қолдану мәселесімен қатар, соттар қызметінде ақпараттық технологияны кеңінен пайдалану мәселесі де көзделген. Бір сөзбен айтқанда, медиацияны кеңінен қолданысқа енгізудің тағы бір тиімділігі – дау-ласушы тараптар уақыттан да ұтады. Мысалы, сот шешіміне қанағаттанбаған тараптың өтініші апелляциялық және кассациялық сатыларында қайта қаралып, уақыт созылады. Ал, медиация әдісі кезінде істі қарау уақыты екі жақтың бітімге келуіне байланысты. Егер бітімгершілікке келе алмаған жағдайда сотқа жүгінуіне де болады. Жаңа Кодекске сай, бітімгершілік тек қана медиатордың қатысуымен ғана емес, сонымен қатар адвокаттар арасында дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу арқылы, тараптардың өтініші бойынша судьялардың бекітуі арқылы да жүзеге асырылады.

Е.Дүйсембаев, Текелі қалалық сотының судьясы

 

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.