Шаңырағымыз шайқалмасын

Біздің ел бір ай бұрын аса қиын кезеңді бастан кешірді. Ел-жұрттың көкейінде көп сұрақ қалды. Соның бәріне Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Хабар» телеарнасына берген сұхбатында егжей-тегжейлі жауап берді.
Шаңырағымыз шайқалмасын

Қазақ қыран мінез, намысшыл, өр рухты, текті халық емес пе?! Сондықтан, ата-бабамыз арман еткен тәуелсіздігіміз басымызға бақ боп қонған уақытта, бейбіт күнде өз берекемізді қашырып, іріткі салушылардың торына түсіп, тоқырауға еш хақымыз жоқ. Қаңтарда қан жұтып, қара жамылған отбасылардың қайғысы бәрімізге ортақ. Өткен қателіктен сабақ алғанымыз жөн. Айрандай ұйыған шаңырағымыз шайқалмауға, еліміз береке-бірлігінен ажырамауға тиіс. Мемлекет басшысы сұхбатында көптеген салаларда алдағы уақытта орын алатын өзгерістерді атап өтті.  Мұның «бас ал десе, шаш алатын» асырасілтеушілік емес, безбенге салып, жеті рет өлшеп барып жасайтын қадам болатынына назар аударды. Шындығында, бізге құр дабыра, науқаншылдықтан әлдеқашан арылатын күн жетті. «Ауруын жасырған өледі» дейді емес пе, қателігіміздің бетіне тура қарап, оны түзетуге күш салуымыз керек. Қара басымыздың қамы мен құрметі елдің, халықтың жанайқайынан, жағдайынан биік емес. Осы ретте Президенттің жақсы қарым-қатынастағы адамдарға құлаққағыс ретінде «Егер таразы басында мемлекеттің мүддесі тұрса, онда мен бұл қарым-қатынастан бас тартуға тиіспін» дегені көңілге қонды. Қолында аз да болса билігі бар әр азамат осындай пайымда болуға тиіс.

Бүркітбай ФАЙЗОЛЛА, «Шарапат-Сауап» корпоративтік қорының төрағасы

 

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2026. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.