Мейірім шуағы

Жаңа жыл қарсаңында Текелі дүкендерінде «Қайырымдылық сөресі» акциясы жаңғыртылды. Осыдан төрт жыл бұрын орнатылған қайырымдылық сөрелері бар дүкендердің қатары толықты.
Мейірім шуағы

Текелі қаласы Іскер әйелдер кеңесінің бастамасымен қолға алынған бұл игілікті істі облыстағы басқа аудан, қалалар да іліп алып, қайырымдылық шаралары қанатын жайып келеді. Кез келген тұрғын мүмкіндігінше аз қамтылған, көп балалы отбасыларына қажетті азық-түлік, шаруашылық тауарларын сатып алып, «Жан жылуы мекені» деп жазылған арнайы сөреге қойып кетуге болады. Бұл қаладағы мұқтаж жандардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға қосылған үлестің бірі.

Осы аптада Текелі қаласы Іскер әйелдері кеңесінің төрайымы Райхан Сисекенова, кеңес орынбасары Светлана Оңғарбаева, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы Текелі қалалық филиалының директоры Тұрысбек Жұмаділов, «Текелийский энергокомплекс» ЖШС директоры Арман Отарбаев, жеке кәсіпкер Сәкен Сандыбаев және тағы басқа жанашыр азаматтар бас қосып, қайырымдылық сөрелерін азық-түлік, тұрмыстық заттарға және неше түрлі тәттілерге толтырды. «Жаңа жыл алдында қаладағы аз қамтылған, көп балалы отбасыларындағы бүлдіршіндер мерекенің қызығын сезіне түссін, тәттіге тойсын, дастархандары жайнап тұрсын деген ниетпен қайырымдылық сөрелерін жаңғыртуды жөн көрдік. Бастамамызды кәсіпкерлер, басқа да бақуатты азаматтар жалғастырады деп сенеміз. Бұдан басқа алдағы уақытта тегін медициналық көмек көрсету, шаш қидыру секілді қызметтердің қолжетімділігін қарастырып жатырмыз. Оған жергілікті кәсіпкерлер мүдделі болуы керек. Біреуге жақсылық жасасаң, өзіңе еселеп қайтатынын естен шығармайық»,– деді Р. Сисекенова.

Торғын ТҰРЛЫБАЕВА

 

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.