МЫҢ АЛҒЫС, ҚАЗАҚ ЕЛІ!

1 наурыз – Алғыс айту күні Ұлт көшбасшысы – Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жарлығымен бекітіліп, 2016 жылдан бері тойланып келеді. Бұл мереке – мемлекетіміздегі татулық пен бірліктің қайнар көзі Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні. Биыл ынтымақ пен келісімнің қазақстандық бірегей институты Ассамблеяға 25 жыл толды. Сондай-ақ, 1 наурыз еліміздегі көшбасшы саяси ұйым «Nur Otan» партиясының да құрылған күні.
МЫҢ АЛҒЫС, ҚАЗАҚ ЕЛІ!

Тағылымы кемел,  мазмұны терең Алғыс күнінің ерекшелігі де сол тарихи тағдыры ортақ, болашағы біртұтас халқымыздың бір-біріне сүйіспеншілігін, ықыласын, шынайы разылығын білдіріп, құрмет тұтуы болып табылады.

Өткен ғасырдағы зұлмат жылдарда кеңпейіл қазақ жұрты түрлі этнос өкілдерін бауырына басып, ауыртпалығын бөлісе білді. Бұл – бауырластық пен адамгершіліктің, туыстық пен сыйластықтың биік өлшемі. Бүгінде Ұлы Дала төсін мекендеген 130-дан астам түрлі этнос өкілдері ырысты ынтымағымыз бен табысты тұтастығымызды әлемге паш етіп, мемлекетіміздің өркендеуіне өзіндік үлестерін қосуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халыққа Жолдауында: «Біздің ұстаны-мымыз: «Ел бірлігі – оның әралуандығында!» деп қазақ халқының мемлекет құраушы ұлт ретіндегі рөлін бекемдеп, этносаралық татулық пен дінаралық түсіністікті қалыптастыра беруіміз қажеттігін, еліміздегі этникалық топ-тардың тілі мен мәдениетін дамытуға жағдай жасала беретіндігін, сондықтан елдегі тұтастық ұғымын көзіміздің қарашығындай сақтауды айтты. Жасырын емес, елімізде орын алған соңғы оқиға, біздің баршамызға ой салды. Бейбіт еліміздің тыныштығын сақтау, өзара түсіністік пен ынты-мақтастықтың қадір-қасиетін құрметтеу – баршамызға парыз. Аға буын, алдыңғы толқын жастарды қашанда осынау ғасырлар бойы сақталған ұлы құндылығымызды қастерлеуге шақыруымыз керек. Біздің өркениетті ел, өркенді мемлекет болуымыздың да басты  байлығы – этносаралық татулық.

Биыл – мерейтойлы жыл. Ұлы Дала топырағында туған, түбі түркі халқына ортақ Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың, қазақтың Хакім Абайының есімдері ұлықталып, әлемге паш етілмек. Барша ұлыс пен этнос өкілдері осынау ұлы дүбірге қосылып, ұлы тұлғаларды таны-туға атсалысуы керек.

Алғыс арқалағанның құты молайып, ырысы еселенеді. Разылық артса, ырыздық толады. Бір-бірімізге алғысымызды жаудырып, жақсылық тілейік, ағайын! Әр шаңыраққа бақ-береке қонсын, еліміз аман, жұртымызға тыныш болсын!

 

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.