Әулет өнегесі дәріптеледі

Берекесі мен бірлігі жарасқан еліміздің уығы мықты болса, ғасырдан ғасырға жалғасқан тағылымды тарих көші де талай замандарды артқа тастары хақ. Бұл ретте өнегелі, өрісті отбасылар мен елдіктің тұтқасына айналған әулеттердің орны ерекше. Оларды жұртшылыққа таныту, өнегесін көпшілікке үлгі ету мақсатында 2013 жылдан бері «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы өткізіліп келеді.
Әулет өнегесі дәріптеледі

Отбасы институтын, адамгершілікті, руханилықты нығайту, жауапты ерлі-зайып-тылықтың маңызын тану, ата-аналардың бала тәрбиелеудегі жауапкершілігін арттыру, отбасылық құндылықтарды, кәмелетке толған балаларының еңбекке қабілетсіз және егде жастағы ата-аналарына қамқор болуын дәріптеу және кеңінен насихаттау, қазақстандық отбасының жағымды имиджін көтеруді темір-қазық еткен байқауға осы уақытқа дейін өсіп-өнген, ізгілік пен парасаттылықты берік ұстаным еткен отбасылар қатысып, халықтың көзайымына айналды.

Байқау шарты бойынша алдымен аудан-қалаларда іріктеуден өткен отбасылар облыстық кезеңге жіберіледі. Әр облыстан бір-бір үміткер республикалық ақтық мәреде бақ сынап, жеңімпаздар құрметке, сый-сияпатқа бөленеді. Мерейі тасыған өнегелі әулеттің озық дәстүрлері, өмірлік тәжірибемен қалыптасқан қалтқысыз қағидалары паш етіледі.

Әрине, байқауға өзін-өзі ұсыну жолымен немесе заңды тұлғаның ұсынуы бойынша қатысқан отбасылар арнайы комиссияның талқысынан өтіп, келесі қадамын жасай алады. Отбасы мүшелерінің еңбектегі, спорттағы, шығармашылық, зияткерлік, ғылыми жетістіктері, қоғамдық шараларға қатысудағы белсенділігі, елге пайдалы іс тындырудағы бастамашылдығы ескеріледі. Текелі қаласында «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының жеңім-паздарын айқындау бойынша қала әкімінің төрағалығымен құрылған комиссияның шешімімен биыл екі отбасы облыстық кезеңге жолдама алды.

«Отанды сүю отбасыдан басталады» десек, елге, жерге деген махаббат туған шаңырақта алған тәрбие, көрген өнеге, жүрегіне ұялатқан мейірімнен бастау алатынын ұмытпаған жөн. Ата-әженің тәлімін, әке-шешенің әдебін, ағайын, бауырдың ілтипатын көріп өскен бала жүрген ортасына да шуақ сыйлайды. Қазақ елінің әрбір отбасы бақ-дәулетті, өнегелі, мерейлі болса, егемендігіміздің де еңсесі  биіктей түседі.   

Торғын ТҰРЛЫБАЕВА

 

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.