Жетісудың жарқыраған жақұты

Тәуелсіздік – ата-бабаларымыздың ақиқатқа айналған ақ арманы, халқымыздың шексіз игілігі, асқақ абыройы мен мақтанышы. Алтайдан Атырауға, Арқадан Алатауға дейін шалқып жатқан дала төсі Тәуелсіздікпен бірге түлеп-түрленді. Халқымыз мол игілікке кенелді. Осыдан тура 20 жыл бұрын Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Алматы облысының орталығы мәртебесімен жаңаша даму жолына түскен Талдықорған қаласы бүгінде жер жәннаты Жетісудың маңдайында жарқыраған жұлдызына айналды.
Жетісудың жарқыраған жақұты

20 жыл ішінде тотыдай түрленіп, заманауи дамудың келбетін, тыныс-тіршілігін танытқан жақұт қаланың кешесі мен бүгіні жайында салмақты сөз қозғаған Алматы облысының әкімі Амандық Баталов: «Біз облыс орталығын дамытуда Нұр-Сұлтан қаласына қарап бой түзедік, астанамызды үлгі еттік» деді. Шынымен де, Сарыарқа төсінен еңсе көтерген елордамыздың даму тарихы жасампаздық пен еңбекқорлыққа, сенімге толы болса, Талдықорған қаласының өткені мен бүгіні де сондай сипатпен өрілді. Бұл туралы өңір басшысы: «Талдықорғанға келген алғашқы жылдар қаншалықты қиын болса, қазір оны соншалықты жылылықпен еске аламын. Ол кезде жарығы сөнген, жылуы өшкен, кәсіпорындары тұралаған, тұрғын үйлері мен ғимараттарының көбі қараусыз бос қалған қаланың кейпі жүдеу болатын» деп еске алды.

Сол кездегі қала халқының саны бүгінде 2 есеге артты. 4 есеге дейін кеңейген шаһар аумағында тұтастай жаңа тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар бой көтеріп, сапалы әрі заманауи инфрақұрылымдармен қамтамасыз етілді.  

«Қаратал», «Көктал», «Шығыс» шағын-аудандары толыса түсумен бірге, 6, 7, 8-шағынаудандар, коттедж қалашығы бой көтерді, «Ынтымақ», «Жастар-1», «Жастар-2» және 3-бөлімше сияқты жаңа елді мекендер адамдардың жайлы қонысына айналды. Мұның барлығы қаланың әлеуметтік-экономикалық әлеуетінің, географиялық-экологиялық тартымдылығының, демографиялық оң өсімінің нақты айғағы.

Қаланың үздіксіз өсіп-өркендеуі үшін экономикалық дамуды қамтамасыз ету бәрінен өзекті. Бүгінде қалада қазіргі технологиялармен қайта жаңғырған, тұтастай жаңадан құрылған ірі кәсіпорын-дардың ұзын саны 20-ға жуық. Арнайы құрылған индустриялық аймақтар мен өндірістік алаңдарды, қарқынды дамып келе жатқан шағын және орта бизнес қала халқын тұрақты жұмыс орындарымен қамтамасыз етуде, сонымен бірге, экономикалық дамуды ілгерілетуде жетекші рөл атқаруда.

Қаланың мәдени, рухани дамуы да жанды қуантады. Соңғы 20 жылда 8 жаңа мектеп, 26 медициналық нысан салынған. 20 жыл бұрын қалада 6 балабақша болса, қазір оның саны 66, яғни, мектепке дейінгі біліммен қамту 95,1% жетті. Бұл туралы аймақ басшысы: «Тәуелсіздік жылдарында мемлекеттің қолдауымен балалар мен жастарға қамқорлық ретінде Талдықорғанда Жастарға қызмет көрсету орталығы, «Жастар» Спорт сарайы, Балалар өнер мектебі, Оқушылар сарайы салынды. Өткен жылдың өзінде-ақ Елбасының бес әлеуметтік бастамасы аясында Жетісу университетінің, медициналық және политехникалық колледждердің студенттеріне арнап жалпы саны 768 орындық үш жатақхана салып бердік. Достық үйі, Тіл сарайы, Журналистер үйі, Көрме кешені, драма театры, Салтанат сарайы, «Рухани жаңғыру» орталығы сияқты әсем ғимараттар қалаға көрік беріп қана қоймай, халықтың игілігіне қызмет етіп келеді» деді.

Талдықорғанның бүгінгі келісті келбеті, экономикалық әлеуеті, тіршілікке барынша қолайлы, таза ортасы, достығы бекем, санасы сергек, еңбекқор халқының жарасымды тыныс-тіршілігі, бәрі-бәрі – қасиетті Тәуелсіздіктің тәтті жемісі.

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.