Елді сенім мен ортақ мүдде біріктіреді
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматы облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Жандос Жұмабаев және «Жетісу – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Аманжол Жазықбаев алдымен қалалық полиция бөлімінің жеке құрамымен кездесті.
Бүгінде елімізде сыбайлас жемқорлықпен күреске баса назар аударылып, тұтас қоғамның жемқорлыққа мүлде төзбеушілік ұстанымын қалыптастыруға маңыз берілуде. Әсіресе, полиция қызметкерлері халыққа адал қызмет етуі, өз міндетін кәсіби тұрғыда, жауапкершілікпен атқаруы, кез келген заң бұзушылықпен заң аясында табанды күрес жүргізуі тиіс. Сонда ғана халықтың өз полициясына деген сенімі нығая түседі. Бұл – тұтас қоғамның орнықты дамуына оң серпін беретін аса маңызды түйін. Кездесуде осыған баса назар аударылды.
№3 орта мектебіндегі кездесуге мектептердің жас мамандары, «Саналы ұрпақ» жобалық кеңсесінің мүшелері, «Адал ұрпақ» клубтарының белсенділері қатысты. Жалпы, жемқорлықтың жолын кесуде жастардың білімді, өнерлі, тәрбиелі болып өсіп-жетілуіне жағдай жасау – зор мәнге ие. Себебі, кәсіби білімі бар, денсаулығы жақсы кез келген жас маман ешкімге жалтақтамай, қоғамнан өз орын тауып, еңбегін игілікке айнадыра алады. Жемқорлықпен күрес біздің білімді, адал ұрпақ тәрбиелеу ісіміздің аса маңызды құрамдас бөлігі екенін естен шығармау қажет. Ұстаздар сапалы білім беріп, оқушылардың жақсы білім алуына бар қажыр-қайратты салуы керек. Жастар департамент қызметімен танысты, арнайы дайындалған бейнероликтерді көріп, жемқорлық белгілері жайында мағлұматтар алды.
Әкімдіктің мәжіліс залында қала әкімнің орынбасары Сері Болысбайұлының төрағалығымен өткен алқалы жиынға мекеме, кәсіпорын басшылары, ардагерлер, этномәдени орталықтар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Алдымен сөз алған Ж.Жұмабаев пара алу да, беру де қылмыс болып есептелетіндігін, сондықтан, жемқорлықпен күреске тек құқық қорғау органдары ғана емес, тұтас ел азаматтары күш біріктіре атсалысуы керектігін атап өтті. Сондай-ақ, осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстардың барысы мен мақсат-міндетері жайында баяндады. Текеліліктердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы қалыптасқан қоғамдық мәдениетіне, әсіресе, қала әкімі Бахтияр Өнербаевтың мемлекеттік қызметшілерді елге адал еңбек етуге бастай білген көшбасшылық рөліне жақсы баға берді.
А.Жазықбаев еліміздің бақуатты, мемлекетіміздің күшті болуы баршамыздың бақытты өміріміздің алғышарты екенін, сондықтан, тұтас халқымызды, әрбір азаматымызды бақытты болашағынан тайдыратын жемқорлықпен күресте жұртшылықтың жұмылуы керектігін шегелеп айтты. Осы мақсаттағы игі істеріміздің сәтті болатындығына сенім білдірді.
