Ершімді еңбек абыройы

Әлеуметтік сала қызметкерлерінің күніне орай «Шапағат» Текелі арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры Алма Нұрмыханова «Қазақстан Конституциясына 25 жыл» мерекелік медалімен наградталды.
Ершімді еңбек абыройы

Ел азаматтарының лайықты өмір сүру құқықтары Ата Заңымызда  айқындалған. Яғни, әрбір қазақстандық білім алып, қалаған кәсіппен айналысуына, өсіп-өркендеуіне, қартайған шағында еткен еңбегінің игілігін көруге, мүмкіндігі шектеулі жандар қоғамымыздың бір мүшесі ретінде қажетті барлық қамқорлықтарға кенелуге құқылы. Осынау адамгершілікті ұстанымға сай елімізде асыраушысынан айырылған қариялар мен мүмкіндігі шектеулі жандар мемлекеттің қамқорлығына бөленіп, өмірін алаңсыз өткеруде. Қаламыздағы «Шапағат» арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы – осындай ізгі мақсатты арқалаған үлкен отбасы. Мұнда 240-тан астам әлеуметтік қызметкер еңбек етеді. Алма Нұрмыханова 2012 жылдан бері осы орталықтың басшылық қызметін жауапкершілікпен атқарып, құрметке бөленіп келеді. Кеудесін жарқыратқан «Қазақстан Конституциясына 25 жыл» медалі – сол ершімді еңбектің тағы бір сүбелі жетістігі.

«Үлкенді сыйлап, кішіні аялау» – ата-бабаларымыздан жалғасып келе жатқан ұлттық тәрбиенің өзегі. Осы ізгі құндылықтар адам санасына отбасында орнығады. Үлкендер отбасын мейірім мен шуаққа бөлеп, балаларының білімді, тәрбиелі болып өсуіне барын сарп етсе, қартайғанда перзенттері әке-шешесін аялап алақанына салып, бағып-қағуға міндетті. Ал, асыраушысынан айырылған қарт адамдар мен мүмкіндігі шектеулі жандар мемлекеттің   қамқорлығында. Қазір қаламыздағы орталықта облысымызға қарасты елді мекендерден келген 286 адам тұрып жатыр, олардың 60-қа жуығы – І және ІІ топтағы мүгедектер. Әрине, әл-қуаты азайған, қамқорлыққа мұқтаж қарт адамдар мен өздігінен жүріп-тұра алмайтын мүмкіндігі шектеулі жан-
дар ыстық ықылас пен аялы алақанға соншалықты зәру. Мұнда олардың өмірін жайлы, алаңсыз өткізуіне қажетті барлық мүмкіндіктер  қарастырылған. Өмірлік тәжірибемнен түйгенім, адам-ның ғұмырын алаңсыз өмір мен сүйіспеншілік ұзартады. Сондықтан, ата-аналық және перзенттік мейірім әрбір отбасының шуағы болуға тиіс. Биыл көктемде, қауіпті індеттің алдын алуға байланысты төтенше жағдай жарияланған кезде орталық қызметкерлері 10 күннен осында жатып, қатаң тәртіптегі кезекшілікпен жұмыс атқарды. Белгіленген барлық санитарлық талаптар күні бүгінге дейін жоғары деңдейде сақталып, сақтық шараларына баса назар аударылуда. Нәтижесінде, қарияларымыз күндерін алаңсыз өткеруде» деді орталық директоры.

Иә, ізгі мақсатымыз да, соның жолындағы барлық игі істеріміз де халқымыздың алаңсыз өмірі үшін емес пе!

Әртүрлі тағдырлар тоғысқан «Шапағат» орталығы асыраушысынан айырылған қариялар мен мүмкіндігі шектеулі жандарды мол шапағатына бөлеп, олардың өмірін жақсартуға жағдай жасап келеді. Мұның барлығы осындағы жүздеген әлеуметтік сала қызметкерлерінің, ұжымды бір мақсатқа ұйыстыра білген басшының ершімді еңбегімен біте қайнасып жатыр.

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.