Өнімді қорғаудың пайдасы

Текелі қаласында өндірілетін өнімдердің арасында отандық бренд болу әлеуеті барлары да жетерлік.  24 сәуірде «Атамекен» Кәсіпкерлер палатасының Текелі қалалық филиалында осындай әлеуетке ие кәсіпорындардың тауарлары көрмеге қойылып, зияткерлік меншік құқығындағы маңызды сала – гео-графиялық нұсқамаларды тіркеу бойынша жергілікті кәсіпкерлерге түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Өнімді қорғаудың пайдасы

Жетісу өңірінен басқа қала, аймақтардың тұрғындары Текеліні гранит өнімдері, тәтті тоқаштары, табиғи сүт өнімдері арқылы да танып жатады. Көрмеде Текелі сүт зауыты, «Текелі-Гранит» ЖШС, «Баделхан» ЖК, «Жаңабаева» ЖК өкілдері өз өнімдерін таныстырды. Бұдан кейін жиын тізгінін алған қала әкімінің орынбасары Әлия Оңғарбекова зияткерлік меншік құқықтарын қорғау мен сақтаудың маңызына тоқталып, Жетісу облысы Әділет департаменті Зияткерлік меншік құқығын қорғау бөлімінің басшысы Елтай Әубәкіровке сөз берді. Ол: «Географиялық атауларды негізге ала отырып, тауар таңбаларын тіркеу бойынша кәсіпкерлерге жан-жақты мағлұмат беруді көздеп келдік. Қазіргі уақытта еліміздегі заң талаптарына сай тауар шығарылған жердің атауы мен географиялық нұсқамаларды біріктіре қорғаудың екі жолы қарастырылған. Бұл сауда саласында зияткерлік меншік құқығын бұзу фактілерін азайтады», – деп кез келген өнімнің сапасы, басқа да сипаттамасы белгілі бір дәрежеде шыққан жеріне байланыстырыла отырып, тауарды сәйкестендіретін белгілеме, яғни, географиялық нұсқаманы тіркеу тәртібіне тоқталды.

Жиында Текелі қалалық ауданаралық Әділет басқармасының басшысы Алмазбек Айнақұлов, Кәсіпкерлер палатасы Текелі қалалық филиалының директоры Тұрысбек Жұмаділов, қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Әйгерім Шалабаева зияткерлік меншікті қорғау, географиялық атауларды тауар таңбасы ретінде қолданып, өнімдерді брендке айналдыру жолдары турасында әңгіме өрбітті.

«Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты халыққа Жолдауында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев: «Біз елімізде креативті экономиканың жан-жақты дамуына барлық жағдайды жасауымыз керек. Соның ішінде, зияткерлік меншікті қорғайтын құқықтық тәсілдер қажет», – деп атап өткен болатын. Көлеңкелі экономиканың жолын кесіп, өнім өндіруші құқығын қорғайтын, сапалы өнімнің өрісін кеңейтетін шараны кәсіпкерлер қолдайтындықтарын жеткізді.

Торғын ТҰРЛЫБАЕВА

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.