Шаншылған шыбық шынарға айналар

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы осы аптада «Жасыл аймақ» атауымен жалғасын тапты. Қала тұрғындары жасыл желекті, шыбық шаншысаң шынарға айналар құнарлы топырағы бар Текелінің ажарын арттыра түсуге атсалысты.
Шаншылған шыбық шынарға айналар

Мекеме, кәсіпорын ұжымдары, жеке және көп қабатты тұрғын үйлердің тұрғындары маңайларын тазалап, ағаштардың түптерін әктеп, ағаш көшеттерін, гүл отырғыза бастады. Сәрсенбі күні қаланың кіреберісіне 100 түп терек көшеті егіліп, суарылды. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Ермек Нағашыбайұлы қала аумағындағы жаңадан егілген және бұрыннан өсіп тұрған ағаштарды суару жауапкершілігін «Текелі Су құбыры» кәсіпорны мойнына алғанын айтты.

«Жасыл аймақ» апталығында Әл-Фараби көшесіндегі 34 А-үйдің тұрғындары ерекше белсенділік танытты. Балалар мен жастар үйдің маңын тазалап, реттеп, алма, шие, қарақат ағаштарының көшеттерін отырғызды. Әжелер жастарға дем беріп, есік алдына дастархан жайып, еңбек еткен көршілеріне ыстық бауырсақ, наурыз көже ұсынды. Осы іске ұйытқы болып жүрген үй тұрғыны Диляра Воронкова: «Татулық-бірлікпен кез келген іске оңға басады. Жұмыс уақыты болып қалмаса, 40 пәтері бар біздің үйдегі тұрғындар сенбіліктерге бірауыздан қатысып тұрады. Жыл бойына бірнеше сенбілік жасаймыз. Үлкендеріміз дәмдерін беріп, қолдау көрсетеді. Бұл жолы жеміс ағаштарын ектік. Енді бір ебін тауып, қара топырақ әкеліп, гүл отырғызсақ деген жоспарымыз бар. Әркім өзі тұрған үйдің айналасын мұнтаздай қылып ұстаса, қаламыз да таза болады. Қоқысты жинаудан бұрын шашпауға да көңіл бөлген жөн», – деді. Осындай тұрғындардың шынайы сөзі мен үлгілі ісі мақтауға лайық.

Торғын ТҰРЛЫБАЕВА 

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.