Қоғамға ашықпыз, заңсыздықтан қашықпыз

Сыбайлас жемқорлық деген кесел мол қаражат және қоғамдық бәсекелестік пайда болған жерлерге сұрқия тамырын жайып, бас бермей кететін залал болғандықтан, онымен ел болып күресу қолға алынды. Бұл күресті әр азамат алдымен өзінен бастағаны абзал.
Қоғамға ашықпыз, заңсыздықтан қашықпыз

Бұл бағыттағы пәрменді күресте халықтың құқықтық сауатсыздығын жоятын, құқықты түсіндіру жұмысының деңгейі мен сапасын арттырудың маңызы зор. Кез келген азамат өз құқығын, өзіне қарсы қандай да бір құқыққа қайшы іс-әрекет жасалған жағдайда қолданылатын іс-қимылдың нақты жолдарын толық білуі қажет. Конституциялық тәртіпті қорғау, сыбайлас жемқорлықпен күрес аясында тиімді, бірыңғай жалпы мемлекеттік саясат жүргізу, мемлекет пен азаматтардың өмір сүруінің барлық салаларында сыбайлас жемқорлық пен оның көріністері деңгейін төмендету, қоғамның мемлекетке және оның институттарына сенімін нығайту бүгінгі күндегі басты мақсат болып отыр.

Текелі қаласының экономика және қаржы бөлімі сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған жол бермеу мақсатында тұрақты түрде жұмыс жүргізеді. Бөлімге түскен жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін уақтылы және сапалы қарау қадағаланып, барлық өтініштерге белгіленген мерзімде жауап беріледі. Бөлім «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша Рудничный ауылдық округіне жұмыс iстеуге және тұруға келген денсаулық сақтау, бiлiм беру, әлеуметтiк қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешені саласындағы мамандарға, ауылдық округ әкімі аппараттарының мемлекеттік қызметшілеріне бюджеттік кредит және көтерме жәрдемақы ретінде әлеуметтiк қолдау шараларын ұсыну бойынша мемлекеттік қызмет көрсетеді. Ол «Отбасы банкі» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Порталы арқылы электрондық түрде қабылданып, заң шеңберінде қаралады.

Бөлімнің мемлекеттік сатып алу жоспары жыл сайын бекітіліп, мемлекеттік сатып алу порталында жарияланады. Қаланың үш жылға арналған бюджеті «Ашық нормативтік-құқықтық актілер» порталында қоғамдық талқылауға салынып, одан кейін қалалық Қоғамдық кеңесте қаралады. Қала бюджетін қалыптастыруда бірінші кезекте халықпен кездесулерде көтерілген мәселелер ескеріледі.

Қазақстан Республикасының Бюджеттік кодексінің 67-1 бабына сәйкес, қаланың Азаматтық бюджеті әзірленіп, қала әкімдігінің ресми сайтында және «Текелі тынысы» жергілікті газетінде орналастырылады. Жыл бойы енгізілген өзгерістер ескеріле отырып, жаңартылып тұрады. Бөлімнің бюджеттік бағдарламалары мен азаматтық бюджеті «Ашық бюджеттер» порталында орналастырылып, азаматтар порталда құжаттаманы қарап, пікірлер мен ұсыныстарды қалдырып, оған қоғамдық бақылау жүргізе алады.

Сонымен қатар, мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуы мен бюджет қаражатының мақсатты және тиімді игерілуі үнемі бақылауда.

Еліміздің әр азаматы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыра білгенде ғана өркендеуге қадам басамыз. Кез келген қызметкер өз отбасында, әріптестерінің арасында заң мен тәртіп, адалдық қағидатын ұстанса, бұл індеттің түбірімен жойылатыны анық. Сондықтан да, елдің әлеуметтік хал-ахуалын жақсартуды, экономикалық тұрғыдан дамудың жоғары деңгейіне жетуді, халқымыздың демографиялық өсіп-өнуін көздеген ілкімді істер жасалынып жатқан кезде, алға басқан қадамды кейін тартып, дамуымызға тежеу болып отырған сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейтуді әрқайсымыз бұлжымас борышымыз санасақ игі.

Айгерім Раимқұлова, Текелі қаласы экономика және қаржы бөлімінің сектор меңгерушісі

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.