Табысқа жету кілті

Елімізде қыркүйек айының соңғы жексенбісінде Еңбек күні мерекесі аталып өтті. Жалпыға ортақ еңбек қоғамын құру идеялары шеңберінде өнімді еңбекті ынталандыру, жастар арасында жұмысшы кәсібін насихаттауды мақсат еткен мерекенің әлеуметтік маңызы зор.
Табысқа жету кілті

Қазақстандықтарды Еңбек күнімен құттықтаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Бұл – мемлекетіміздің тұрақты дамуына жасампаз ісімен үлес қосып келе жатқан нағыз еңбекқор жандарды ұлықтауға арналған маңызды мереке. Шын мәнінде, адал еңбек – бүкіл жетістіктің бастауы, табысқа жетудің кілті. Мемлекет осы басты қағидат барлық жерде салтанат құруы үшін бәрін жасайды. Мен Әділетті Қазақстанды еңбекқор, адал азаматтар ғана құра алатынына кәміл сенемін», – деді. Еңбек адамының қашанда бәсі биік, наны адал. Мерекеге орай әр салада еселі еңбек етіп жүрген азаматтарға құрмет көрсетілді.

Еңбек күні қарсаңында Текелі қаласының мансап орталығы Тәуелсіздік алаңында бос жұмыс орындарының жәрмеңкесін ұйымдастырды. Мұндағы негізгі мақсат жастар, оқу орындарының түлектері және жұмыс іздеушілерге жұмыс орындарының қолжетімділігін кеңейту болып табылады. Жәрмеңке барысында 35 жұмыс берушіден 100-ден астам бос жұмыс орны ұсынылды. 5 азамат тұрақты жұмыс орнына жолдама алды, 2 азамат «Алғашқы жұмыс орны» жобасына, 1 азамат жастар тәжірибесіне жазылды. Тағы 3 азамат жұмыс берушімен сұхбаттасуға жолданды. Сонымен қатар, іс-шара аясында тұрғындарға Enbek.kz порталына тіркелу және порталмен жұмыс істеу мүмкіндіктері, «Enbek» мобильді қосымшасын жүктеу және қосымшаны қолдану туралы түсіндірілді.

Ерінбеген адамға істейтін жұмыс табылады. Тек маңдай терді төгіп қана адал жолмен табысқа жетуге болатынын ұмытпаған абзал.

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.