Бір ай жәрмеңке

5 тамызда «Мектепке жол» республикалық акциясы аясында Текелі қаласындағы Арбатта жәрмеңке басталды. 30 тамызға дейін өтетін жәрмеңкеде күнделікті мектепке қажетті киім-кешек, оқу құралдары сатылады.
Бір ай жәрмеңке

Қалалық кәсіпкерлік және білім бөлімдерінің ұйымдастыруымен өтіп жатқан мектеп жәрмеңкесіне бірқатар кәсіпкерлер белсене атсалысып, тауарларын ұсынуда. Мектепке баратын ұл-қыздары бар ата-аналар дүкендерді аралап жүрмей, жейде, шалбар, белдемше, пиджак, спорттық киімдер, аяқ киімдерді, сөмке, дәптер, қалам, қарындашты бір жерден таңдап сатып ала алады.

Жалпы 30 қыркүйекке дейін жалғасатын акция барысында жыл сайын қайырымдылық іс-шаралар өткізіліп, бюджеттен тыс қаражат есебінен балаларға материалдық, демеушілік көмек көрсетіледі. «Мектепке жол» республикалық акциясы халықтың әлеуметтік осал топтары балаларының мектепке бармай қалуының алдын алуға, дер кезінде қайырымдылық көмек көрсетуге бағытталған. Жергілікті кәсіпкерлер, қалтасы қалың азаматтар, тіпті біреуге жәрдем беруге ниеті мен мүмкіндігі бар кез келген тұрғын акцияға қатысады. Акция аясында оқушыларға қайырымдылық көмек көрсеткен «Суффле Қазақстан ашытқы зауыы» АҚ, «Балалар әлемі» дүкені, «Швейцария» кешеніне №4 орта мектебінің ұжымы алғыс білдірді. 

Әрбір білім беру ұйымында сенім телефоны, «Жедел желі», азаматтардың өтініштеріне жедел ден қоюға арналған қоғамдық қабылдау бөлмесі, аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға көмек жинау пункті жұмыс істейді.

Қалалық білім бөлімі мектеп жасындағы әр баланың мектепке көтеріңкі көңілмен, бүтін киіммен баруы жалпы білім деңгейін арттыратынын алға тартып, мүмкіндігі бар азаматтарды «Мектепке жол» акциясы барысында қаланың әлеуметтік жағдайы төмен оқушыларын жаңа оқу жылына дайындау үшін көмек беруге шақырады.

Ер балаларға арналған мектеп формасы:

- пиджак, жилет, шалбар, мерекелік жейде, күнделікті жейде, не түймелері бар немесе сыдырмалы тоқылған күрте (кардиган), поло жейде немесе тенниска (қыс мезгілінде: трикотаж жилет, водолазка). Ұлдарға арналған шалбарлар еркін тігілген және ұзындығы бойынша тобықты жауып тұрады.

Қыз балаларға арналған мектеп формасы:

- пиджак, жилет, белдемше, шалбар, классикалық жейде, не түймелері бар немесе сыдырмалы тоқылған күрте (кардиган), поло жейде немесе тенниска (қысқы уақытта: трикотаж жилет, сарафан, водолазка). Қыздарға арналған шалбарлар еркін тігілген және ұзындығы бойынша тобықты жауып тұрады.

Мерекелік формаға (ұлдарға ақ көйлек, қыздарға ақ блузка) қойылатын талап алынып тасталды. Сондай-ақ, галстук тағу енді міндетті элемент емес.

Торғын ТҰРЛЫБАЕВА

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.