Ұлттық рухтың ұшқыны

Тәуелсіздік – біздің ең асыл құндылығымыз, баға жетпес бақытымыз. Менің аналық ақ жүрегім тәуелсіздіктің ән-жырын бөлекше күймен әлдилейді. Онда буыр-қанған сезім де, тәтті сыр да, мұнарлы мұң да бар. Егемендікке жеткізген тарихи тағдырымызды, тұғырлы тұлғаларымызды естен шығармағанымыз абзал.
Ұлттық рухтың ұшқыны

Азаттықтың бастауындай болған Желтоқсанның жаңғырығы жадымнан кетпейді. 1986 жылы мен Талдықорғандағы педагогикалық институттың 1-курсында оқитынмын. Алматының жаңалығы еміс-еміс жетіп жатты. Біз жатақханада тұрдық. Жоғары курстың студенттері намысты қайрап, әр мемлекетке сырттан келген емес, өз адамы басшы болу керек деп жастар Талдықорғанның орталық көшелерімен ұрандатып жүрдік. «Менің Қазақстаным» әнін айттық. Сонда өрт сөндіретін машиналар сумен атқылады. Көше көктайғақ. Мен жүгіріп келе жатып, қатты жығылдым. Екі курстасым қолтығымнан демеп, әрең дегенде жатақханаға жеттік. Дереу әке-шешемді шақыртып, олар Текелінің ауруханасына әкеліп, аяғыма гипс салды. Үлкендер, ұстаздарым араласып, аяғымды дене шынықтыру сабағында сындырғаным туралы жалған анықтама жасатып, оқудан шықпай қалдым. Бәрі қас пен көздің арасындай азғантай уақытта өткенмен, жүрегімде сақталып қалды. Бүгінгі ұрпақ тәуелсіздіктің тәтті дәмін тата жүріп, оның мәнін де зерделеп өссе, ұлтымыздың рухы әрдайым биік, болашағымыз кемел болса деймін.

Эльмира ИМАНБЕРДИЕВА, Текелі қалалық Аналар кеңесінің төрайымы

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.